ХХ жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы апта қалды. 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында Азияның ең үздік спортшылары құрлықтың басты додасында жүлделерді сарапқа салады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Алматы облысының 20 спортшысы өнер көрсетеді. Олардың қатарында ұлттық құраманың танылған көшбасшылары да, халықаралық ареналарда жарқын жеңістерімен көзге түскен жас спортшылар да бар.
Өңір құрамасы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін, әлем және Азия чемпиондарын, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпаздарын біріктіреді. Олардың әрқайсысы іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, төртжылдық олимпиадалық циклдегі ең маңызды халықаралық жарыстардың бірінде Қазақстанның намысын қорғауға дайын.
Ұлттық құрама көшбасшыларының бірі – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев. Ол соңғы жылдары грек-рим күресінің әлемдік элитасына енген үздік балуандардың біріне айналды. Команданың жоғары деңгейін басқа да атақты спортшылар дәлелдейді. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, стенд атудан Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Әсем Орынбай, сондай-ақ 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионы, ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Едіге Қасымбек бар. Азия ойындарына қатысушылар қатарында отандық спорт тарихына өз есімдерін жазып үлгерген жас спортшылар да жоқ емес. Солардың бірі – Бейбарыс Қабылан. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет WT таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Нысана көздеуден Қазақстан намысын Азия чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері және Азия ойындарының қола жүлдегері Никита Чирюкин қорғайды. Ал садақ атудан Азия чемпионы Мұса Ділмұхамет бақ сынайды.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапына сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегері Екатерина Токарева, дзюдодан Еуропа кубогының жеңімпазы Бақытжан Абдырахманов, байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионатының жүлдегері Игорь Ряшенцев, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы Айғаным Жанболат енді. Желкенді спортта ел намысын халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – Илья Иванов, Таисия Ильина, Владимир Щанкин және Яна Белозерова қорғайды. Олар – халықаралық регаталардың бірнеше дүркін жүлдегерлері әрі еліміздің үздік яхтсмендерінің қатарында.
Азия ойындарының олимпиадалық емес бағдарламасында да Алматы облысының спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізуге ниетті. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ушудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әлижан Абылағатов пен өткен Азия ойындарының қола жүлдегері Аян Тұрсын өнер көрсетеді. ММА жарыстарында Қазақстан намысын ел тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Ашырбекова мен әлем және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері Адель Махаметова қорғайды. Ал джиу-джитсудан Азия ойындарының жүлдегері, Ислам ойындарының чемпионы Мариан Журавлева және әлем мен Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Райхан Абдоллаева бақ сынайды. Қазіргі уақытта спортшылар дайындықтың шешуші кезеңін аяқтап жатыр. Оқу-жаттығу жиындары Қазақстанда ғана емес, Грузияда, Түркияда және Кипрде де өтуде.
ХХ жазғы Азия ойындарына Азия құрлығының 45 елінен спортшылар қатысады. Қазақстан құрамасы үшін бұл Олимпиада циклі аясындағы ең маңызды халықаралық жарыстардың бірі болса, Алматы облысының спортшылары үшін өңірдің спорт мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауға берілген үлкен мүмкіндік.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ

