Өткен аптада Қаскелең қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде «Әкем, анам және мен» атты отбасылық эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Отбасылық құндылықтарды ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттаған бұл спорттық шараға Қарасай аудандық прокуратурасы мұрындық болып, аудан әкімдігі мен «Отбасын қолдау орталығы» қолдауын білдірді.
Сайысқа ауданға қарасты ауылдық округтерден білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласы қызметкерлерінің отбасылары қатысты. Әке, ана және екі баладан жасақталған әрбір команда спорттық кезеңдерде өзара ұйымшылдығын, ептілігі мен шапшаңдығын сарапқа салды. Тартысты әрі көңілді өткен жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды аудандық орталық аурухананың намысын қорғаған Жексенбаевтар отбасы жеңіп алды. Екінші орынды Мемлекеттік кірістер басқармасынан қатысқан Азихановтар отбасы иеленсе, үздік үштікті Ұмтыл ауылдық округінен келген Медетовтар отбасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Қуат Қайранбаев.
Қарасай ауданы.

