Перейти к содержимому
Главная страница » ОТБАСЫ – ОТАН ҚОРҒАУШЫНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

ОТБАСЫ – ОТАН ҚОРҒАУШЫНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Байкент ауылында орналасқан «Еуразия» сауда кешенінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасы әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерінің қатысуымен тағылымды әрі көңілді отбасылық іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және Отан қорғаушы мамандығына деген құрметті арттыру.
«Менің отбасым – менің тірегім» тақырыбында ұйымдастырылған отбасылық фотосуреттер конкурсы қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Әрбір фотосуреттен отбасы мүшелерінің арасындағы сүйіспеншілік, өзара қолдау мен береке-бірлікті байқауға болады. Әскери қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Осындай кезде жанынан табылып, қолдау көрсететін отбасының орны ерекше.
Сонымен қатар балалар арасында «Менің әкем – шекарашы» тақырыбында шығармашылық конкурс өткізіліп, бүлдіршіндер өз қиялдарын сурет, қолөнер және шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізді. Балалардың туындыларынан әкелерінің әскери қызметіне деген мақтанышы анық байқалды. Олар үшін шекарашы әке – ел тыныштығын күзеткен батыл азамат, отбасының қорғаны әрі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Іс-шара барысында отбасы мүшелері арасында түрлі спорттық және көңілді жарыстар да ұйымдастырылды. Үлкендер мен балалар бір команда болып, қызықты сайыстарда бақ сынасып, өзара қолдау көрсетті. Жарыс барысында көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше белсенділік байқалып, қатысушылар бір-біріне жігер беріп отырды.
Мұндай шаралар әскери қызметшілердің отбасымен бірге уақыт өткізуіне ғана емес, отбасылық ынтымақты нығайтып, балалардың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға да зор ықпал етеді.
Отбасы – әрбір әскери қызметшінің ең үлкен рухани тірегі. Отан қорғау жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқару үшін сарбаз бен офицерге отбасының қолдауы, түсіністігі мен сенімі аса қажет. Ал әскери қызметшінің жанұясы оның қызметтегі жетістіктеріне ортақтасып, қиындықтарын бірге еңсеріп, қуанышын бірге бөліседі.
Іс-шара соңында белсенді қатысқан балалар мен отбасы мүшелеріне алғыс айтылып, конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары марапатталды.
Бір шаңырақ астындағы татулық – ел бірлігінің бастауы. Ал Отан қорғаушының отбасы – сол берік елдіктің сенімді тірегі.
Осындай тағылымды әрі мазмұнды отбасылық іс-шаралар әскери қызметшілер мен олардың жақындарының арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жас ұрпақтың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен әскери мамандыққа деген құрметті сіңіруге мүмкіндік береді.

Л. Мақытбекқызы,
ҚР ҰҚК ШҚ Қызметтік кинология басқармасы
майор