Қонаев қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «GOVERNMENT CHESS CUP 2026» шахмат турнирінің облыстық кезеңі өтті. Стратегиялық ойлау мен шапшаң шешім қабылдауды талап ететін жарысқа өңірдің әртүрлі мемлекеттік органдарынан құралған 8 командадан 38 қатысушы қатысты.
Облыс орталығындағы Қазақ орта мектеп-лицейінде өткен турнирде мемлекеттік қызметшілер бұл жолы қызметтік міндеттерден бір сәт алшақтап, шахмат тақтасында өзара мықтыны анықтады. Мұнда жеңіске жету үшін тек шахматты жақсы білу жеткіліксіз. Әр жүрісті алдын ала есептеу, қарсыластың тактикасын аңғару, уақытты тиімді пайдалану және қысылтаяң сәтте дұрыс шешім қабылдау маңызды.
Жарыстың ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Бүгінгі турнир тек мықты шахматшыларды анықтайтын алаң емес, мемлекеттік қызметшілердің өзара қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасуына және командалық рухты нығайтуына мүмкіндік беретін жақсы орта. Барша қатысушыларға тартысты ойындар мен лайықты қарсыластар тілеймін. Ең мықты ойыншы шахмат тақтасының басында анықталсын, – деді Мадияр Исебаев.
Турнир рапид форматында, яғни жылдам шахмат тәртібімен ұйымдастырылды. Қатысушыларға әр партияға 10 минуттан беріліп, әр жүріске қосымша 5 секунд қосылды. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтіп, командалар өзара бақ сынасты. Уақыттың тығыздығы ойыншылардан жоғары шоғырлануды талап етті. Бір ғана сәтсіз жүріс партия тағдырын өзгертуі мүмкін. Жарыстың бас төрешісі Қарлығаш Сеитовтың айтуынша, мұндай форматта ойыншының шахмат тақтасындағы шеберлігімен қатар, жылдам ойлау қабілеті де сыналады.
— Рапидте ойлануға уақыт аз. Сондықтан әр жүрістің маңызы ерекше. Мұнда комбинацияны көре білу, жағдайды жылдам бағалау, дұрыс шешім қабылдау және партия соңына дейін зейінді жоғалтпау қажет, – деді бас төреші.
Турнирдің тартысы соңына дейін сақталып, командалар арасында үздік нәтиже үшін бәсеке өрбіді. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды облыстық полиция департаментінің командасы жеңіп алды. Екінші орын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің командасына, ал үшінші орын Балқаш ауданы әкімінің аппаратына бұйырды. Облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы енді жарыстың келесі белесінде өңір намысын қорғайды. «GOVERNMENT CHESS CUP 2026» турнирінің өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардағы іріктеу жарыстары 16 қазанға дейін жалғасып, үздіктер 24 қазанда Астана қаласында өтетін финалдық кезеңде бас қоспақ.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ