Перейти к содержимому
Главная страница » Тас соқа

Тас соқа

«Есік» археологиялық өлкетану музейінің қорында сақталған құнды жәдігерлердің бірі – тас соқа. Бұл көне еңбек құралы ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын және еңбек мәдениетін танытатын маңызды археологиялық мұра болып есептеледі. Музей экспозициясында орын алған тас соқа келушілерге өткен дәуірдің тынысын сезіндіріп, адамзат өркениетінің даму кезеңдерінен сыр шертеді.

Тас соқа – ерте кезеңдегі егіншілік кәсібінде қолданылған қарапайым еңбек құралы. Археологтардың зерттеуінше, мұндай соқалар тастан қашалып жасалып, ағаш сапқа бекітілген. Оның көмегімен жер жыртылып, топырақ қопсытылған. Бұл – көне адамдардың табиғатты игеріп, егіншілікпен айналыса бастағанының айқын дәлелі.
Қазақ жерінен табылған археологиялық жәдігерлер арасында тас соқалардың орны ерекше. Олар көне дәуірдегі шаруашылықтың дамуын, адам­дардың отырықшылыққа бейімделуін және еңбек құралдарының жетіле түскенін дәлелдейді. Әрбір табылған тас соқа – сол заман адамдарының күнделікті өмірінен сыр шертетін үнсіз куәгер.
Есік археологиялық өлкетану музейінде қойылған бұл жәдігер келушілердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, тарихи танымын кеңейтуге де ықпал етеді. Әсіресе жас ұрпақ үшін мұндай мұралардың тәрбиелік маңызы зор. Оқушылар көне еңбек құралдары арқылы ата-бабаларымыздың өмір салтымен танысып, еңбекке деген құрметтің мәнін түсінеді.
Бүгінде тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта музей қызметкерлері көне жәдігерлерді зерттеп, олардың тарихын көпшілікке таныстыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Тас соқа секілді құнды мұралар ұлт тарихының тереңдігін айқындап, мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге қызмет етеді.
Өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ парыз. Сондықтан «Есік» археологиялық өлкетану музейінде сақталған көне жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу – тарих алдындағы үлкен жауапкершілік.

Индира Қожағұлова,
«Есік» археологиялық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Еңбекшіқазақ ауданы