«Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жастар ресурстық орталығы, белсенді жастар және Кеген аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Айбек Әжікеевтің қатысуымен кезекті экологиялық рейд өтті.
Рейд барысында дрон арқылы әуеден арнайы бақылау жүргізіліп, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау деректері анықталды. Сонымен қатар тұрғындар арасында тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау бойынша түсіндірме және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.
– Табиғатты ластау және белгіленбеген орындарға қоқыс тастау – заң бұзушылық болып саналады. Мұны әрбір тұрғын есінде ұстап, ауылдың тазалығын сақтауы тиіс, – деген аға лейтенант Айбек Әжікеев тәртіп бұзған азаматтарға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапкершілік жүктелетінін айтып өтті.
Ауылымыздың көркі мен тазалығы өз қолымызда. Сондықтан тазалықты өз үйімізден, ауламыздан бастайық!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

