Перейти к содержимому

Толқынмен тайталас

18 қаралым

Әлемдік аренада Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз әуелеген сәтте әрбір қазақстандықтың жүрегін мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Өйткені сол жеңісті сәттің артында жылдар бойы төгілген маңдай тер, тынымсыз еңбек және туған елге деген шексіз сүйіспеншілік жатады. Осындай қайсар мінезімен ел абыройын асқақтатып келе жатқан жас спортшылардың бірі Еркебұлан Қажымұратұлы десек, артық айтқандық емес.

Еркебұлан – Балқаш ауданы Көкжиде ауылының тумасы. 2012 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, білім алумен қатар спортқа да ерекше қызығушылық танытты. Оның спорттағы жарқын жолына бастау болған жан – алғашқы жаттықтырушысы Владимир Владимирович еді. Бір күні Владимир суға шомылып, өзен бетінде еркін әрі шебер жүзіп жүрген ауыл баласын байқап қалады. Табиғи қабілетін бірден таныған тәжірибелі бапкер Еркебұланды қасына шақырып: «Балам, су спортына ерекше бейімің бар екен. Егер ата-анаң келісімін берсе, сені болашақта чемпион етіп шығарамын», – дейді ол.
Бұл сөз кез келген ата-ананы ойлан­дыратыны анық. Бейтаныс адамға баласын сеніп тапсыру оңай емес еді. Сондықтан Еркебұланның әкесі Қажымұрат пен анасы Ғанима алғашында жаттықтырушының ұсынысына күмән­мен қарап, рұқсат бермейді.
Алайда тағдыр олардың жолын қайта тоғыстырды. Бір жылдан кейін жазғы демалыс кезінде Еркебұлан Алматы қаласына барады. Сол жерде Владимир Владимировичпен кездейсоқ кездесіп, екеуі ұзақ әңгімелеседі. Білікті бапкер ауыл баласының спортқа деген ынтасының әлі де сөнбегенін байқап, оның ата-анасымен қайта сөйлесуге бел буады. Болашағына алаңдаған әке мен ана үшін мұндай маңызды шешім қабылдау оңайға соқпады. Дегенмен Еркебұланның арманы мен талпынысына тосқауыл болуды қаламаған олар ақыры жаттықтырушыға сенім артып, баласын қарамағына тапсырады.
Оның талантына тәнті болған екінші жаттық­тырушысы Александр Павловс­кий да жас спортшының шебер­лігін шыңдап, үлкен белестерді бірге бағындыруға зор үлес қосты. Ал үшінші жаттықтырушысы Дмитрий Николаевич кәсіби тәжірибесі мен білікті тәлімінің арқасында жерлесіміздің халықаралық аренада еркін самғауына жол ашып, оның чемпион болып қалыптасуына сүбелі еңбек сіңірді.
Бүгінде Еркебұланның әрбір жетіс­тігінің артында ата-анасының сенімі, алғашқы жаттықтырушысы Владимир Владимировичтің көрегендігі және кейін­гі бапкерлерінің табанды еңбегі жатыр.
Ауылдың қарапайым бозбаласы қаланың қарбалас тіршілігіне бірден бейімделіп кетуі оңай болған жоқ. Осын­дай сындарлы кезеңде Еркебұланға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямаған, барымен бөлісіп, қамқорлық танытқан Алматы қаласының тұрғындары, әкесі­нің нағашы ағасы Айдос пен жеңгесі Күншайдың және Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғын­дары, әкесінің бажасы Аманжол мен анасының әпкесі Гүлмираның еңбегі ерекше. Олар Еркебұланға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, қиындықты еңсеруге жігер беріп, қала өміріне тезірек бейімделуіне үлкен септігін тигізді.
Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшам­ауданында орналасқан Олимпиада резервінің республикалық мамандан­дырылған мектеп-интернатында оқыған жылдары – жас спортшының өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі еді. Ауылдан жырақта жүріп білім алу, қатаң тәртіпке бейімделу, күнделікті жаттығу жасау оңай болған жоқ. Бірақ ол ешқашан қиындықтан қашқан емес. Керісінше, әрбір сынақты өзінің шыңдалуына берілген мүмкіндік деп қабылдады.
Еркебұланның алғашқы жетістігі оқушылар арасындағы Қазақстан Республикасы біріншілігінде тіркелді. Байдарка мен каноэдан ескек есу спортында С-1 санаты бойынша 200 метрлік қашықтықта өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жас спортшыға бұл қола жүлде алтыннан да қымбат еді. Себебі дәл осы жарыс оның алдағы жеңістеріне жол ашты.
2018 жыл Еркебұлан үшін табысты болды. Алматы облысының чемпио­натында С-1 санаты бойынша 200 метрлік қашықтықта қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Су бетінде сынаптай сырғып, мәреге бірінші болып жеткен сәт жас спортшының ғана емес, оны тәрбиелеген бапкерлердің де еңбегінің жемісі еді. Сол жылы Алматы қаласының ашық чемпионатында 500 метр қашықтықта 2 минут 49,80 секунд көрсеткішімен күміс медаль жеңіп алса, 200 метрлік қашықтықта 1 минут 03,63 секунд нәтижесімен тағы да ІІ орын иеленді.
Осы жетістіктерден кейін Еркебұлан республикалық деңгейдегі жарыстарда тұрақты өнер көрсете бастады. 2019 жылы Алматы қаласының жастар чемпионатында 200 және 500 метрлік қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, С-1 санатындағы 200 және 500 метрлік қашықтықта екі бірдей күміс медаль жеңіп алды. Бұл нәтижелер оның ұлттық құрамадағы орнының нығаюына және халықаралық жарыстарға жолдама алуына мүмкіндік берді.
Еркебұланның спорттық мансабын­дағы ең жарқын белес – 2023 жылғы Азия чемпионаты. Байдарка мен каноэдан өткен додада ол бар күш-жігерін салып, ептілігін көрсетіп, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, Азия чемпионы атанды. Жас спортшыға осындай жоғары жетістіктерінің нәтижесінде 2023 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы берілді.
Бүгінде ол Олимпиада резервінің республикалық колледжін дене тәрбиесі және спорт жаттықтырушысы маман­дығы бойынша тәмамдап, болашақта өзі сияқты талантты жастарды тәрбие­леуді мақсат етіп отыр. Еркебұлан Қажымұратұлының әрбір жеңісі ауыл балаларын спортқа жетелеп, жастарға сенім ұялатады. Иә жеңіс ешқашан өздігінен келмейді. Оның артында маңдай тер, табандылық, тәртіп, төзім және үлкен жауапкершілік тұрады. Еркебұлан – осы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген спортшы.
Көпбалалы, берекесі мен бірлігі жарас­қан отбасында тәлім-тәрбие көріп өскен спортшының алдында әрдайым қамқор болып, ақыл-кеңесін аямайтын екі ағасы бар. Өзінен кейін бір інісі мен аяулы қарындасы өсіп келеді. Ата-анасының мейірімі мен отбасының жарасымды тәрбиесін бойына сіңіріп өскен ол бауырларына әрдайым үлгі болып, еңбексүйгіштік пен табандылықтың жарқын өнегесін көрсетуде.
Еркебұланның бағындырар белес­­тері әлі алда. Алдағы уақытта әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның мәртебесін асқақтата беретініне сенім мол. Жас спорт­шыға толағай табыс, мықты денсау­лық және жарқын жеңістер тілейміз.

Бақтығали Дәуітбай
Балқаш ауданы