Перейти к содержимому
Главная страница » Түнгі рейд – қауіпсіздікті сақтау жолы

Түнгі рейд – қауіпсіздікті сақтау жолы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, Ұйғыр ауданы аумағында түнгі рейдтік профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараға аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының қызметкерлері мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторлары бірлесіп қатысты.

Рейд барысында орталық саябақтар, скверлер, көшелер, ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, сондай-ақ қараусыз қалған ғимараттар мен кәмелетке толмағандардың жиналуы мүмкін өзге де қоғамдық орындар тексерілді. Мұндай тексерулердің басты мақсаты – түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара кезінде анықталған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, рейд барысында заң талаптарын бұзу фактілері де анықталды. Ол азаматтарға тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, хаттамалар рәсімделді. Ал екінші мәрте қайталанаған жағдайда жеңіл жаза болмасы да ескертілді.

Мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың қауіпсіз ортада өсуіне және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.