Алматы облысы аумағында өтіп жатқан «Hi-Tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ұйғыр ауданында да кешенді түсіндіру және алдын алу жұмыстары ұйымдастырылуда.
2026 жылғы 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығын қамтитын бұл іс-шараның негізгі мақсаты – киберқылмыстардың алдын алу, интернет-алаяқтықтың жолын кесу және тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру болып табылады. Осы бағытта аудан аумағында полиция қызметкерлері тарапынан жүйелі түрде профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде алаяқтар өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, «шотыңызға қауіп төніп тұр» деген желеумен бір реттік SMS-кодтарды сұрату фактілері жиі кездеседі. Сонымен қатар, жалған инвестициялық жобалар мен криптовалютаға қаржы салуға үгіттеу жағдайлары да көбейіп отыр.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы аудан аумағында интернет алаяқтық бойынша 46 қылмыстық дерек тіркелген. Оның төртеуі ғана ашылып, қылмыстың ашылу көрсеткіші небәрі 26,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш интернет арқылы жасалатын қылмыстарды ашудың күрделі екенін және азаматтардың сақтық шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Сақтық шаралары туралы аудандық полиция бөлімі азаматтармен ұдайы кездесулер өткізіп, парақшалар таратып, ватсап желісі арқылы түұрлі сақтандыруға шақыратын бейнероликтер таратып, профилактикалық шараларды жүргізсе де, алданушылар қатары сиремей тұр. Сонымен қатар азаматтар өздерінің алданғаны туралы құқық қорғау органдарына өте кеш жүгініп жатады. Бұл да қылмыстың ашылуына үлкен тосқауыл.
Осыған байланысты Ұйғыр ауданының полиция қызметкерлері тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Бейтаныс адамдарға жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және құпия кодтарды бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу – әрбір азамат үшін маңызды сақтық шараларының бірі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

