Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық рухтың тірегі – мәдениет

Ұлттық рухтың тірегі – мәдениет

Мен Құрылтайды елдің бүгінгі тынысын бағамдап, қоғамдағы маңызды мәселелерді ортаға салып, болашаққа қатысты ой бөлісетін үлкен алаң ретінде қабылдаймын. Оның маңызы да осында. Әр саланың өкілі өз ойын айтып, елге қажетті мәселелерді көтеріп, ортақ мақсатқа жұмылуы керек. Бүгінде Қазақстанның дамуын тек экономикамен өлшеу жеткіліксіз. Елдің дамуы оның білімімен, мәдениетімен, өнерімен, тілімен, тарихымен, ең бастысы азаматтарының санасы мен жауапкершілігімен де өлшенеді. Экономика – мемлекеттің тірегі болса, мәдениет пен өнер – халықтың рухани тірегі. Өнер саласында жүрген азамат ретінде мен мұны күнделікті жұмыс барысында анық сезінемін. Ән мен күй, жыр мен дәстүрлі өнердің ар жағында халқымыздың тарихы, мінезі, дүниетанымы жатыр. Сондықтан мәдениетке көңіл бөлу дегеніміз – тек концерт өткізу немесе белгілі бір іс-шара ұйымдастыру емес. Бұл – ұлттың рухын сақтау, оны келесі ұрпаққа жеткізу.

Қазір жастардың талғамы да, өмір сүру салты да өзгерді. Ақпарат өте көп. Осындай кезде ұлттық өнерімізді бұрынғы қалпында қайталай беру жеткіліксіз деп ойлаймын. Оның мазмұнын жоғалтпай, заманға сай ұсына білуіміз де керек. Домбыраның үні де, халық әні мен күйі де бүгінгі жастың жүрегіне жетуі тиіс. Ол үшін дәстүр мен жаңашылдық қатар жүруі қажет. Филармонияның міндетін де мен тек концерт қоятын мекеме болуымен шектемеймін. Филармония халық пен өнердің арасын жалғайтын, таланттарды танытатын, ұлттық музыканы насихаттайтын, жас ұрпақтың мәдени талғамын қалыптастыратын орта болуы керек. Сахнадан орындалған әрбір шығарма көрерменге жақсы көңіл күй сыйлап қана қоймай, ой салса, жүрегіне әсер етсе, біздің еңбегіміздің нәтижесі – сол. Әсіресе жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға көп көңіл бөлуіміз керек. Ұлттық құндылықты құр сөзбен насихаттай беру жеткіліксіз. Оны жастарға қызықты әрі түсінікті түрде жеткізу қажет. Кейде бір жақсы әннің, бір терең күйдің немесе жақсы қойылған концерттің өзі ұзақ айтылған сөзден артық тәрбие береді.

Ұлттық құндылықтарды сақтау дегеніміз – өткенге ғана қарап отыру емес. Бабалардан қалған мұраны бүгінгі өмірмен байланыстырып, ертеңгі ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Жаңа шығармалар жазылып, жаңа жобалар жүзеге асып, жаңа есімдер сахнаға шығуы қажет. Сонда ғана өнеріміз дамиды, мәдениетіміз өміршең болады. Құрылтайдың маңызын да мен осындай мәселелерді ашық талқылап, әр саланың ой-пікірін бір арнаға тоғыстыруынан көремін. Елдің дамуына әркім өз орнында үлес қосады. Ұстаз білім береді, дәрігер адам өмірін қорғайды, еңбек адамы елдің тұрмысын көтереді, ал мәдениет пен өнер саласының адамдары халықтың рухына қызмет етеді. Біздің алдымыздағы үлкен міндет – өз тарихын білетін, тілін құрметтейтін, мәдениетін мақтан тұтатын, сонымен бірге заманнан қалмайтын ұрпақ тәрбиелеу. Елдің ертеңі де солардың қолында. Сондықтан Құрылтайда айтылатын әрбір салмақты ой мен ұсыныс халықтың бірлігін күшейтіп, ұлттық сананы нығайтып, еліміздің болашағына қызмет етуі керек деп есептеймін. Өйткені мемлекеттің күші тек экономикасында емес, рухы биік, мәдениеті берік, елінің болашағына бейжай қарамайтын халқының болуында.

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚ, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері