Перейти к содержимому
Главная страница » Заңға құрмет – елге құрмет

Заңға құрмет – елге құрмет

Мемлекет дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – заң үстемдігі. Заңға бағынған қоғамда әділдік салтанат құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында және Ұлттық құрылтайдың отырыстарында «Заң мен тәртіп» қағидатын ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді.

Бүгінде Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде орныға түсуде. Бұл бағыттағы реформалардың түпкі мақсаты – заң алдында бәрінің теңдігін қамтамасыз ету, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту.

Заң – жай ғана құқықтық құжат емес,  ол – қоғамдық қатынастарды реттейтін, елдегі татулық пен тұрақтылықтың, бірлік пен берекенің кепілі. Заңға құрмет – Отанға деген құрметпен пара-пар. Заң талаптары орындалған жерде тәртіп орнайды, тәртіп бар жерде даму мен өркендеу болады.

Қазіргі таңда елімізде құқық қорғау жүйесін жаңғырту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Құқық қорғау органдарының қызметі ашықтық пен халыққа жақындық қағидатына негізделіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қоюға басымдық берілуде.

Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес,  бұл – барлық адам үшін ортақ жауапкершілік. Қоғамдағы тәртіптің сақталуы әр адамның заң талаптарын құрметтеуінен басталады. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы.

Тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Бала ата-анасының іс-әрекетінен үлгі алады. Егер үлкендер заңды сыйлап, қоғамдық тәртіпті сақтаса, өскелең ұрпақ та осы құндылықтарды бойына сіңіреді. Сондықтан құқықтық тәрбие – мектеп пен мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Кеген өңірі – бірлігі мен берекесі жарасқан, салт-дәстүрін қадірлеген қасиетті мекен. Осындай ынтымақтың арқасында ауданымызда қоғамдық тұрақтылық сақталып келеді. Бұл ретте құқық қорғау органдары, прокуратура, сот, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті атқарушы органдар өзара үйлесімді жұмыс жүргізуде.

Бүгінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мектептерде, колледждерде, еңбек ұжымдарында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет алаяқтықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, есірткі қылмысының, вандализмнің және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кездесулер өткізіліп келеді.

Қоғам тыныштығы – ең үлкен байлық. Сондықтан әрбір тұрғын заң талабын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіпті бұзбауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға міндетті. Әсіресе, соңғы жылдары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында табиғатты қорғау, қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарау мәдениеті де құқықтық тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналды.

Құқықтық мемлекет құрудың маңызды тетіктерінің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Жемқорлық қоғамның дамуын тежейді, әділдікке деген сенімді әлсіретеді. Сондықтан бұл індетпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Әрбір азамат заңсыздыққа төзбеушілік танытып, әділдік қағидатын қолдағанда ғана бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі болады.

Соңғы жылдары цифрландырудың жаппай енгізілуі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттырды. Қызметтердің электронды форматқа көшуі адам факторын азайтып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл да заң үстемдігін нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.

Қазақ халқы ежелден «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділдікті бәрінен жоғары қойған. Бұл қағида бүгінгі құқықтық мемлекет үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әділдік пен заң үстемдігі қоғамның барлық саласында орныққанда ғана мемлекетіміздің іргесі берік болады.

Біз барша аудан тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және жас ұрпақты елжандылық пен жауапкершілік рухында тәрбиелеуге шақырамыз.

Әрбір азамат заңды құрметтеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінген кезде ғана әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз. Заң мен тәртіп –қауіпсіз қоғамның ғана емес, елдің жарқын болашағының берік негізі.

Заңға құрмет – мемлекетке, елге құрмет. Тәртіпке бағынған елдің ғана тұғыры биік, болашағы баянды болады.

Кеңес ҚАБЫЛБЕКОВ,

Кеген ауданы әкімінің орынбасары