Қарасай ауданы аумағындағы Алматы-Бішкек тасжолы бойында заңсыз саудаға қарсы кезекті рейдтік жұмыстар жүргізілді. Шараны аудандық Кәсіпкерлік бөлімі мен Полиция департаменті бірлесе ұйымдастырды. Аталған рейд аясында заңсыз сауда жасағандарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп бұзғандарға әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ жол бойындағы рұқсатсыз сауда орындары жинастырылды.
Полиция мұндай заңсыз сауда қоғамдық орындардың санитариялық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді. Себебі рұқсат етілмеген орындарда сатылатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді, сондай-ақ олардың шығу тегі мен сақталу талаптары тиісті бақылаудан өтпейді.
Полиция қызметкерлері тұрғындар мен кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға және сауда қызметін тек жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы сауда орындарында жүзеге асыруға шақырады. Заңсыз сауданың жолын кесуге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты – Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.
Ерзат АСЫЛ

