Перейти к содержимому

Жүзуден жеңімпаз!

30 қаралым

Алматы облысында жүзуден Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV спартакиадасы өз мәресіне жетті. Қарасай ауданындағы Олимпиадалық даярлау орталығының бассейнінде ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 120-дан астам есту қабілеті бұзылған спортшы жүлделі орындар үшін бақ сынады.

Қатысушылар еркін, брасс, баттерфляй, шалқалап жүзу, кешенді жүзу және эстафеталық жарыстар бойынша өнер көрсетіп, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Әрбір жүзу тартысты бәсекеге толы болды.
Жеңімпаздар қатарында Алматы облысының өкілі, ҚР спорт шеберлігіне үміткер Елизавета Изверова да бар. Ол жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, үш бірдей жарыс түрінен – 100 және 200 метрге еркін жүзуден, сондай-ақ 200 метрге кешенді жүзуден алтын медаль иеленді. Елизавета 2025 жылы ел чемпионы атанған болатын. Ал биылғы жарыс оның спорттық әлеуеті мен жаңа жеңістерге деген ұмтылысын тағы бір мәрте көрсетті.
«Мен үшін әрбір жеңіс – жаттығудағы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Бапкерім Лариса Гунгерге және жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да шеберлігімді шыңдап, нәтижелерімді жақсартып, облыс қоржынына көп медаль салғым келеді», – деді спортшы.
Елизавета Изверовамен қатар жарыстың жеңіс тұғырына Мария Сотникова (Қостанай), Галия Кабулда (Астана), Лиана Рогачева (Павлодар облысы), Айым Дүйсен (Астана), София Закутняя (Жамбыл облысы), Адема Айтуған (Астана) көтерілді.
Ерлер арасында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар – Медет Тельманов (Ақтөбе), Давид Петлеван (Қарағанды облысы), Даниил Барановский (Алматы), Бекжан Канатбек (Алматы), Диас Кенжебек (Қарағанды облысы), Диас Бекмырза (Атырау облысы) және Илияс Амангелдин (Ақтөбе).
Жүзу бағдарламасы аяқталғанымен, спартакиада есту қабілеті бұзылған спортшыларды сайыстың өзге де түрлері бойынша жарыстыруды жалғастырады.

Өз тілшіміз
Қарасай ауданы