Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / 2026 жылдың 8 айында Алматы облысының тұтынушыларына 63 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

2026 жылдың 8 айында Алматы облысының тұтынушыларына 63 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

26 қаралым

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылдың 8 айындағы жұмыс қорытындысын шығарды.

Есепті кезеңнің нәтижелері азаматтардың өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау белсенділігінің айтарлықтай артқанын, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.

2026 жылдың 8 айында Департаментке 3 567 азаматтың өтініші келіп түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен — 1 094 өтініштен үш еседен астам жоғары.

Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық және білім беру қызметтері, коммуналдық сала және басқа да қызметтерге қатысты. Азаматтар ақшалай қаражатты қайтару, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тиісті сапада болмауы, шарттық міндеттемелердің орындалмауы, сондай-ақ кәсіпкерлердің тұтынушылардың заңды талаптарын қанағаттандырудан бас тартуы мәселелері бойынша жүгінеді.

Өтініштер санының өсуі өңір тұрғындарының өз құқықтарын белсенді түрде қорғай бастағанын және кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Әрбір өтініш Департаменттің бақылауында. Анықталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті ден қою шаралары қабылданады.

2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша:

  • 139 жоспардан тыс тексеру жүргізілді;
  • құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, жалпы сомасы 3 946 567 теңге болатын айыппұлдар салынды;
  • тұтынушыларға 63,0 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Тұтынушылық даулардың едәуір бөлігі сотқа дейінгі тәртіппен реттелгенін ерекше атап өткен жөн. Бұл азаматтарға сотқа жүгінбей-ақ бұзылған құқықтарын жедел қалпына келтіруге және ақшалай қаражаттарын қайтаруға мүмкіндік береді.

Статистиканың әрбір көрсеткішінің артында өз құқықтарының бұзылуына тап болған нақты азаматтың мәселесі тұр. Сондықтан Департаменттің негізгі міндеті — құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, тұтынушылардың бұзылған құқықтарының нақты қалпына келтірілуіне қол жеткізу.

Сонымен қатар Департамент кәсіпкерлік субъектілерімен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және бизнестің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Азаматтардың қаржылық шығындарымен, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасымен, шарттық міндеттемелердің орындалуымен, сондай-ақ өнімдердің қауіпсіздігімен тікелей байланысты салаларға ерекше назар аударылады.

          Анықталған құқық бұзушылықтар тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.

Департаменттің ұстанымы принципті: тұтынушылардың құқықтарының бұзылуы назардан тыс қалмауы тиіс. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың мүдделерін қорғау, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығында заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

          Департамент тұтынушыларға мынаны ұсынады:

  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді таңдауға мұқият қарап, сатушы немесе орындаушы туралы ақпаратты тексеру;
  • сатып алуды растайтын чектерді, шарттарды, хат алмасуды және басқа да құжаттарды сақтау;
  • даулы жағдай туындаған кезде сатушыға немесе орындаушыға уақтылы жазбаша наразылықпен жүгіну;
  • құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің

Алматы облысы бойынша сауда және

тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің бас маманы Д.Сенбаева