Райымбек ауданында мұқтаж отбасылардың санын азайту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Осыған орай аудан және Шалкөде ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл азаматтарының қолдауы арқылы тағы бір игі іс жүзеге асты.
Қиындықта қол ұшын созып, ағайынға демеу болу – халқымыздың қанымызға сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды берік ұстанып, ата салтын ардақтап, дәстүрлі діннің тағылымын өмірінің темірқазығына айналдырған азаматтар баршылық. Осы игі бастамадан Шалкөде ауылының тұрғындары да шет қалмады. Ауыл тұрғыны Дәулет Алмабековке қолдау көрсетіп, шаруашылығын дамытуға сеп болсын деген ниетпен 25 бас қойды көмек ретінде табыстады.
Бұл – жай ғана материалдық көмек емес, ағайын арасындағы жанашырлықтың, өзара қолдаудың, ел бірлігі мен берекесінің жарқын үлгісі. Бір азаматқа көрсетілген қолдау – тұтас ауылдың ынтымағын айшықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық игі дәстүрді жалғастырады.
Шараға Райымбек аудандық мәслихатының төрағасы Самат Мүсірбаев, Шалкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Есімсартов, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Алқанбай Қыдықұлы қатысты.
Райымбек аудандық мәслихатының төрағасы Самат Мүсірбаев Шалкөде ауылының тұрғындарына жүрекжарды лебізін білдірді. Берекелі күнде сыйға бөленген ауыл тұрғыны Дәулет Алмабеков көмек қолын ұсынған барша жанға ақжарма тілегін жеткізіп, алғысын айтты.
– Осындай игі бастамалар ауылымызда өз жалғасын тауып, көпке үлгі болсын! Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ауылдың берекесі арта берсін! – деді Шалкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы.
Ауыл азаматтарының айтуынша, қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы