Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫ «ЕҢБЕК ЖОЛЫ – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЕКІ ТҰРҒЫНЫ «ЕҢБЕК ЖОЛЫ – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

16 қаралым

Қонаев қаласында Еңбек күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысында «Еңбек жолы – 2026» облыстық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Байқауда Алатау қаласының екі тұрғыны жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі екінші орындарды иеленді.

Риза Санаққызы Саурбаева «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша ІІ орын алса, Самат Жарылқасын «Үздік жас өндіріс жұмыскері» номинациясы бойынша ІІ орынға лайық деп танылды.

Риза Санаққызы Саурбаева – 46 жылдай уақыт ұстаздық қызмет атқарып, саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған тәжірибелі педагог. Риза апайдың әулетінен 30-ға жуық мұғалім шыққан. Бұл – ұстаздық мамандыққа деген адалдықтың, білім мен тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі. Осындай тағылымды еңбек жолы «Үздік еңбек әулеті» номинациясының мәні мен маңызын тереңдете түседі.

Бұл жетістік – адал еңбекке, кәсібилікке, ұрпақтар сабақтастығына және еңбек адамына көрсетілген құрметтің нақты көрінісі. Бір отбасының еңбек дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруы да, жас маманның өндірістегі табысты еңбегі де қоғам үшін маңызды құндылық саналады.

Салтанатты шара барысында Алматы облысының әкімі жиналған қауымды Еңбек күнімен құттықтап, еңбек адамдарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне ерекше тоқталды. Байқау жүлдегерлеріне сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

«Еңбек жолы – 2026» байқауы еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға, еңбек әулеттерінің өнегесін насихаттауға, сондай-ақ жас мамандарды кәсіби шеберлік пен жауапкершілікке ынталандыруға бағытталған.

Еңбек күніне арналған іс-шара аясында өңір кәсіпорындарының ұсыныстары мен жұмыс берушілердің қажеттіліктері назарға алынып, азаматтарға өзекті бос жұмыс орындары ұсынылды. Бұл жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік береді.

Алатау қаласы тұрғындарының облыстық деңгейдегі байқауда жүлделі орындарға ие болуы – қаламыз үшін маңызды жетістік. Бұл нәтиже еңбекке адалдықтың, кәсіби шеберліктің және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың әрдайым лайықты бағаланатынын көрсетеді.

Юсупов Асқар
Қоғамдық пікір көшбасшысы