Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Әлеуметтік медициналық сақтандыру: өз құқығыңды біл!

Әлеуметтік медициналық сақтандыру: өз құқығыңды біл!

20 қаралым

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалының өкілдері «Атамекен» ҰКП салалық мамандарының және Алматы облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің қатысуымен кезекті отырыс өткізді.

Шараға Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері де қатысты.Кездесу барысында ұжымға пациенттердің құқықтары, Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы, емханаға тіркелу тәртібі, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек түрлері түсіндіріліп, сақтандыру мәртебесінің маңызы айтылды.«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырады. Себебі медициналық көмекке қатысты мәселелер бойынша уақытылы жүгіну әділдікті қалпына келтіріп қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға да ықпал етеді. Қор диалогқа ашық және азаматтарды құқықтары бұзылған немесе медициналық қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда хабарлауға шақырады.Кез келген мәселе бойынша Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болады. Сонымен қатар азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Қордың ресми сайты және «Сақтандыр» Telegram-боты арқылы өтініш бере алады», – деді филиал директоры Нұрлан Қыдырбаев.Жиында МӘМС жүйесіндегі жаңашылдықтар, атап айтқанда, халықты жүйемен барынша қамтуға бағытталған жаңа шаралар кеңінен сөз болды.МӘМС жүйесіндегі басты өзгерістер: Әлеуметтік қолдау: Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейлері) санаттарға жататын азаматтар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет есебінен төлейді. Осының нәтижесінде 2026 жылы елімізде шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ. Тегін онкологиялық скринингтер: 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) тізіміне енгізілді. Олар МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Кеңейтілген диагностика: Тегін консультативтік-диагностикалық көмек енді 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфарктісі және инсульт) күдік туындаған жағдайда көрсетіледі. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ұсынылатын.Сонымен бірге кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерге МӘМС жүйесіндегі негізгі өзгерістер, тараптардың құқықтары мен міндеттері, аударымдар мен жарналарды төлеу тартібі түсіндірілді. Жиын барысында қатысушылар тарапынан жалған медициналық жазбалар («припискалар»), сапасыз медициналық көмек және сақтандыру мәртебесінің мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойылып, Қор өкілдері толық жауап берді.Анықтама: Алматы облысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан 79 медициналық ұйым бар (мемлекеттік және жекеменшік). Олардың барлығында Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі