Перейти к содержимому

Аналар саябағы ашылды

27 қаралым

Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Анаға құрмет» музейінде маңызы зор мәдени шара өтті. Алқалы басқосуға Халық Қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов, Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінің профессоры, Шетел тілдері педагогикалық колледжінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Шпекбаева, Заң ғылымдарының кандидаты, полиция генерал-лейтенанты, қоғам қайраткер Алик Шпекбаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, өнер академиясының мүшелері мен өзге де танымал тұлғалар қатысты.

«Анаға құрмет» музейінде арнайы екі бұрыш жұртшылыққа таныстырылып, осы жерде орналасқан бақтың ішінен «Ұлы ана» мүсіндер саябағы ашылды. Рет-ретімен баяндап айтар болсақ, алдымен шараға келген қонақтар музей ішін аралап, мұнда қойылған экспонаттармен танысты. Осыдан кейін қазақ халқының қалыптасуы мен өркен жаюына айтарлықтай үлес қосып, даналығымен ел-жұртының шексіз құрметіне ие болған Домалақ ана экспозициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жерде музей қызметкері Домалақ ананың өмірі, өнегесі мен рухани мұрасы жайлы мол мағлұмат беріп, заманауи форматтағы құрылғылармен таныстырған.
Мұндағы тағы бір айта қаларлық оқиға – музейге Алматы облысын ұзақ жыл басқарып, өлкенің дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосқан Амандық Баталовтың анасына арналған бұрыштың ашылуы десе болады. Бұл жерде дүниеге тоғыз бала әкеліп, барлығын елі мен жеріне адал қызмет ететін азамат етіп өсірген Ұлжан Аяпбергенқызының қолдан салынған портреті мен өзі тұтынған заттары орын тапқан. Бұрыштың ашылу салтанатында лента қию рәсімін Сәт Бесімбайұлы мен Амандық Ғаббасұлы атқарып, қойылған жәдігерлерді жұртшылық назарына ұсынды.
Осыдан кейін «Ұлы ана» мүсіндер саябағының ашылу салтанаты өтті.
Біз, «Анаға құрмет» музейінің ұжымы мен өнер академиясы біріге отырып, осы жерден қазақ аналарына арналған мүсіндер саябағын ашу туралы бастама көтерген едік. – деді музейдің директоры Гүлнар Әбіш бізге берген сұхбатында. ­
– Бұған қажетті материалды, атап айтқанда, теңіз шөгінділерінен түзілген ақ тасты, Алик Шпекбаев бастаған демеуші-қолдаушыларымыз Ақтаудан жеткізіп берді. Ал еліміз бен жақын шетелдерден біздің бастамамызды қолдаған мүсінші-суретшілер өздерінің анаға арналған жобаларын алты ай бойы қашап, мүсіндер саябағына тегін табыс етті. Олар бұл жұмыстарын жалпы қазақ аналарына, өздерін дүниеге әкеліп, үлкен өмірге жолдама берген аяулы жандарға деген алғысымыз деп түсіндірген. Аталған шарапатты шара Өнер академиясының президенті Амандос Ақанаевтың шынайы көмегінің арқасында жүзеге асырылғанын айта кету керек. Алты ай бойы қыруыр іс тындырған суретшілерге айтар алғысымыз шексіз.
Бұл жолы шара қонақтары саябақ ішінде тасқа қашалып жасалған бірегей өнер туындыларымен танысуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Жанұзақ Мүсәпір, Алтай Бейсенов және Әділғали Баяндиннің «Ұмай ана» композициясын, Самат Нұрсапаевтың «Киелі келсап», Серік Нұрсапаның «Әжемнің арқасында», «Қыз жасауы», Диана Мохаммад пен Мақсат Қаңтарбаевтың Амандос Ақанаевтың суреті негізінде жасалған «Сәукеле» туындысын, Нұрболат Ысқақовтың «Балбалтас сырлары», Нұрлан Болатбековтың «Анамның келбеті», Мақсат Қаңтарбаевтың «Арнау», Диана Мохаммадтың «Домалақ ана», Дидар Қаңтарбаевтың «Тіршілік», Болат Сәрсенбайдың «Ергенеқонның мінәжат орны», Елдос және Бейбарыс Бексұлтандардың «Айнұр», Бақтыгерей Жапардың «Ана алақаны» және «Күту», Дәулетбек Бектеміровтың «Ана» және «Бақыт», Айткүл Тасмағанбетованың «Ана махаббаты», Алмат Бектастың «Отбасының беріктігі», Ғалымбет Ахметовтың «Сұлулық» атты мүсіндері қазақ халқының анаға деген құрметі мен қошаметін танытып, мәртебесін асырып тұрғандай. Салтанатты шарада аталған мүсіншілер Өнер академиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Саябақтың ашылуымен қатар бұл күні «Ана өмірдің, жадының және ұлттық бірегейліктің символы» атты халықаралық мүсіншілер симпозиумының жабылу салтанаты да өткізілді. Алқалы жиында Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев алғашқы сөз алып, жиылған қауымды саябақтың ашылуымен құттықтап, облыс әкімі Шыңғыс Әріновтың ыстық ықыласын жеткізді. «Ұлы ана» мүсіндер саябағы – ананың отбасы тәрбиесіндегі орнымен қатар, ұлттың қалыптасуы мен адамзат ғұмырының жалғасуындағы айрықша қызметін танытатын тағылымды мекен. Мұндағы әрбір туынды үнсіз тұрғанымен, терең тарихтан сыр шертеді. Бұл саябақта ана бейнесі жан-жақты сомдалып, бір мүсінде отбасының шырағын жағып, ошақтың жылуын сақтаған ана көрініс тапса, енді бірінде «бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді әлдилеген» ана құдіреті бейнеленген. Ал көне түркі танымындағы ұрпақ пен шаңырақтың жебеушісі – Ұмай ананың бейнесі саябаққа кірер жерде тұруы – біздің дүниетанымымыздың қай қиырдан басталатынын меңзеп тұрғандай.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Көркем-сурет академия­сының президенті, белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амандос Аканаев, Халық Қаһарманы Сәт Тоқпақбаев шараның маңыздылығына тоқталып, осынау игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді.
Меркелік шараны Қарасай аудандық «Үшқоңыр» ансамблінің өнерпаздары мың бұралған би және әуелеген әнмен әрлей түсті.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы