Перейти к содержимому

Ас – адамның арқауы

22 қаралым

Қазір елімізде табиғи өнім түрлерін өндіруге ұмтылып жатқан шағын және орта бизнес өкілдері аз емес. Себебі денсаулықты сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – күнделікті адам өмірінің маңызды факторы. Сондықтан тұтынушылар дүкен сөрелеріндегі өнімдердің тек сыртқы түріне ғана қызығып қоймай, іші қандай екеніне, неден жасалғанына, жарамдылық мерзіміне барынша назар аударады.

Баян Орынбетова – Талғар ауданындағы кәсіпкерлердің бірі, бірақ оның басқалардан айырмашылығы – негізгі қызметі, жалпы бизнесі денсаулық және адамдарға деген қамқорлықпен тығыз байланысты.

– Мамандығым бойынша дәрігермін. Менің негізгі қызметім әрдайым адамдардың денсаулығын сақтауға байланысты болды. Бірақ бұдан басқа аспаздыққа деген әуестік, әсіресе дәмді, сапалы және табиғи тағам дайындауға деген құштарлық болды. Сөйтіп мен өзімді шұжық өнімдерін өндіру саласында сынап көруге бел будым. Адамдарға ұялмай ұсынуға болатын өнім жасағым келді, – дейді кәсіпкерлікке қалай келгені жөнінде Баян.
Бәрі үй асханасынан басталады. Алдымен өзі ойлаған өнімді отбасы мен жақындары үшін дайындайды, кейінірек достары да тапсырыс бере бастайды. Бірте-бірте сұраныс артып, өнімдерінің көпшіліктің көңілінен шыға бастағанын көрген ол мұның енді шұжық өндіретін толыққанды кәсіпке айналатынын түсінеді. Осылайша шағын үй цехы пайда болды. Бұл тұрғыда танысы Эльмира Байжиеновадан көп нәрсе үйренеді.
– Біздің кәсіптің негізі – шағын көлемдегі табиғи шұжықтар мен ет өнімдері. Олардың сапасы, жаңашылдық және табиғилықты басты назарда ұстаймыз. Біз артық қоспаларды қолданбаймыз және әбден тексерілген рецептілерді ұстануға тырысамыз. Басты мақсат – адамдарға сапалы және қауіпсіз өнім ұсыну. Дәрігер ретінде тамақтанудың денсаулық үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін, – дейді кәсіпкер.
Олар шұжық өндіру үшін қажетті шикізатты әбден сенімді, талай уақыт бойы тексерілген жергілікті жеткізушілерден және сапалы етті халал сертификаты бар «Арафат» дүкенінен сатып алады.
– Қазірше шағын форматта жұмыс істейміз, бренд атауы енді қалыптасу үстінде, бірақ алдағы уақытта өндірісті одан әрі дамытамыз деген ой бар. Ассортимент біртіндеп кеңейіп келеді, біз үнемі жаңа рецептілерді сынап көреміз және клиенттердің тілектерін ескереміз. Күніне оншақты келіге жуық шұжық жасаймыз, енді оны кеңейтіп, өткізу аймағын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Біздің ата-бабаларымыз «ауру – астан» деген. Химиялық қоспаларсыз таза өнімдерден және шын жүректен дайындалған тамақты тұтынатын адамдар әрқашан сау әрі қуатты болады, – дейді Баян Орынбетова.
Бұған ешқандай алып-қосарымыз жоқ, қазақ даналығында ежелден ас – адамның арқауы екені айтылады. Бабаларымыз сірә бұл тұжырымға келгенде күнделікті және өмір бойы тұтынатын тағамның табиғи тазалығын, бүгінгі тілмен айтқанда, экологиялық қауіпсіздігін назарда ұстаса керек. Сондықтан Баян ханымға тек кәсібіңіз кеңейіп, нәсібіңіз арта берсін деген тілек айтамыз.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы