Отбасы күніне орай 3660 әскери бөлімінде өткен тағылымды шаралар отбасы құндылығы мен Отанға қызмет етудің өзара сабақтастығын айшықтады.
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ол – жүрекке жылу сыйлайтын мекен, қуаныш пен қиындықты бірге бөлісетін қасиетті шаңырақ. Ал ел қорғаны болуды өмірлік міндет еткен әскери қызметші үшін отбасының орны тіпті бөлек. Себебі сарбаздың рухын көтеріп, жауапты қызметінде жігерлендіретін ең үлкен күштің бірі – артындағы отбасының сенімі мен қолдауы.
Осы орайда Отбасы күніне арналған шаралар аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінде «Әскери рух – отбасы тірегі» атты мәдени-спорттық сайыс ұйымдастырылды. Мақсаты – әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің арасындағы ынтымақты нығайтып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өзара қолдау мен сыйластықты арттыру.
Сайысқа әскери қызметшілердің отбасылары қатысып, өзара бақ сынасты. Аға сержант Амангелді Жандос, кіші сержант Арыстанов Досан, подполковник Ыбраймжанов Еркебұлан, кіші сержант Капсаметов Ринат, кіші сержант Исабеков Рустам және қатардағы Калиева Гаухар отбасылары спорттық және мәдени кезеңдерде өздерінің шапшаңдығын, тапқырлығын, өнерін және ұйымшылдығын көрсетті.
Сайыс барысында әр отбасы өзіне тән ерекшелігін танытып, бірліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын көрсете білді. Спорттық бәсекеде ептілік пен шапшаңдық сыналса, мәдени кезеңдерде шығармашылық қабілет пен өнерге деген талғам таразыға түсті. Ең бастысы – сайыс жеңіске ғана емес, отбасылардың бір-біріне демеу болып, бірге уақыт өткізуіне, жақын жандар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.


Нәтижесінде І орынды Исабековтер отбасы, ІІ орынды Ыбраймжановтар отбасы, ІІІ орынды Арыстановтар отбасы иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орынға – теледидар, екінші орынға – шаңсорғыш, үшінші орынға – ас үй комбайны берілді. Қалған қатысушылар да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, Қонаев қаласы әкімдігі тарапынан қатысушыларға грамоталар мен сыйлықтар ұсынылды.
Сайыстың әр кезеңін саралап, қатысушылардың өнері мен шеберлігін әділ бағалаған қазылар алқасының құрамында Қонаев қаласы әкімдігі құрылымының басшысы Гүлнар Жұмабекқызы, Отбасын қолдау орталығының басшысы Исамбекова Ғалима Амантайқызы және 3660 әскери бөлімінің командирі, подполковник Оспанкулов Ерлік Ерланұлы болды. Қазылар әр отбасының белсенділігі мен ұйымшылдығына, шығармашылық ізденісі мен спорттық шеберлігіне баға беріп, сайыстың әділ әрі мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосты.
Алайда отбасы құндылығы бір күндік мерекелік шарамен ғана өлшенбейді. Оның шынайы мәні – күнделікті өмірдегі өзара түсіністік, құрмет, жауапкершілік пен ортақ мақсаттан көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда 3660 әскери бөлімінде бірге еңбек етіп жүрген Бахрамов Жанқожа Берікханұлы мен Нурқайдар Мадина Нуржанқызының отбасы – қызмет пен отбасы құндылығын қатар алып келе жатқан өнегелі жанұяның жарқын үлгісі.
Жанқожа Берікханұлы 2013 жылдан бері әскери бөлім қатарында қызмет атқарып, бүгінде Жедел мақсаттағы батальонның 1-ротасында старшина қызметін абыроймен атқарып келеді. Он жылдан астам уақытын әскери қызметке арнаған ол Отан алдындағы міндетті жауапкершілікпен атқарып, әскери тәртіп пен кәсіби біліктілікті өмірлік ұстанымына айналдырған.
Ал Мадина Нуржанқызы 2025 жылдың тамыз айынан бастап әскери бөлімнің қаржы бөлімінде бухгалтер болып еңбек етіп келеді. Бір шаңырақ астында ғана емес, бір ұжымда бірге қызмет атқарып жүрген ерлі-зайыптылардың ортақ еңбегі – отбасы мен қызметтің үйлесім таба алатынының айқын көрінісі.
2017 жылы шаңырақ көтерген Жанқожа мен Мадинаның бүгінде Айкөркем, Айдай және Дәрия есімді үш қызы бар. Үш қыздың сыңғырлаған күлкісі – отбасының шаттығы мен берекесінің, ата-ананың маңдай тері мен махаббатының жемісі.
Отан қорғаған әке қыздарына елге адал қызмет етудің, жауапкершілік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетсе, елге қызмет еткен ана еңбекқорлықтың, ұқыптылық пен табандылықтың қадірін ұғындырады. Бір шаңырақта өмір сүріп, бір ұжымда еңбек етіп жүрген бұл отбасының ең үлкен құндылығы – ортақ мақсат пен өзара қолдау.
Әскери қызмет – ер азаматтан батылдық пен төзімділікті ғана емес, отбасынан түсіністік пен сабырды да талап етеді. Өйткені әскери қызметшінің артында оның әрбір қадамына алаңдайтын, қуанышын бірге бөлісетін, қиын сәтінде демеу болатын отбасы тұрады. Сондықтан берік отбасы – мықты рухтың бастауы, ал мықты рух – елге қызмет етудің сенімді тірегі.
3660 әскери бөлімінде өткен «Әскери рух – отбасы тірегі» атты мәдени-спорттық сайыс та осы ұғымның өмірдегі нақты көрінісіне айналды. Сайыс алаңындағы әрбір күлкі, әрбір қолдау, әрбір жеңіске деген талпыныс – отбасының бірлігі қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Отбасы – шағын мемлекет десек, оның негізі – сыйластық пен сенім. Ал елдің тұтастығы мен тыныштығын күзеткен әскери қызметшілердің отбасындағы береке – олардың жауынгерлік рухына қуат береді.
Отан қорғаған әке, елге қызмет еткен ана, олардың тәрбиесін көрген ұрпақ – ел болашағының берік негізі.
Отбасы күніне арналған бұл шаралар осындай қарапайым, бірақ мағынасы терең ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді: әскери рухты биіктететін күш – туған елге деген сүйіспеншілік болса, сол сезімді жүректе нығайтатын ең үлкен тірек – отбасы.
Аға лейтенант Әбдіғалиева Әлия Тәңірбергенқызы