Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ат үстінде айбынымыз асқақтады

Ат үстінде айбынымыз асқақтады

11 қаралым

Көршілес Қырғыз елінде көшпенділердің рухын қайрап, ұлттық спортымыздың ұлылығын дәлелдейтін дүбірлі дода басталды. «Бішкек аренада» өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын 16 елдің басшылары мен жоғары лауазымды өкілдері тамашалады. Мыңдаған әртіс қатысқан театрландырылған қойылымда көшпенділердің тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен жауынгерлік рухы бейнеленді. Ұлттық әуен, ат үстіндегі көріністер мен заманауи технологиялар арқылы ежелгі өркениеттің өткені мен бүгіні сабақтастырылды.

Биылғы додада үш мыңға жуық спортшы бақ сынайды. 6 қыркүйекке дейін жалғасатын жарыс Ыстықкөл облысында өтіп жатыр. Көрші мемлекеттегі көшпенділер аламанында ел намысын 150-ден астам спортшымыз қорғайды. Олар бағдарламаға енген 43 спорт түрінің барлығында өнер көрсетеді. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар көкпар, қазақ күресі, бәйге, дәстүрлі садақ ату және өзге де этноспорт түрлері бойынша сынға түседі. Сайыстарда күш пен ептілік, мергендік пен төзімділік сыналады.
Қазірге дейін Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша 34 медаль иеленді. Оның 16-сы алтын, 8-і күміс, 10-ы қола.
Аударыспақтан 100 келі салмақта сынға түскен Сырым Ізбасаров қырғызстандық қарсыласын жеңіп, көшпенділер ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Ал 90 келіде Дарын Өткелбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.
Құсбегілік сайысында да қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. «Қаршыға» санатында Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» атты құсымен алтын медаль алды. Арман Қошқаров «Алғыр» қыранымен бүркіт сайысында күміс жүлде иеленді. Ителгі ұшырудан Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» құсымен күміс, Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» құсымен қола медаль алды. Күрес түрлерінен қазақстандықтар самбо мен қырғыз күресі бойынша өнер көрсетті. Самбодан +98 келі салмақта Болат Сапар алтын жеңіп алса, Еркебұлан Нығметов пен Жандос Бейсенбаев қола жүлдегер атанды. Қырғыз күресінен +100 келі салмақта Алмас Жұмағали финалда қырғызстандық спортшыға есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Қолкүрестен Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Олардың арасында жерлесіміз Данил Устинов те бар. Ол финалда Молдова өкілі Даниэль Пропорчукпен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша, Данил Устинов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанып, Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальді салды. Сол қолмен күресте де күміс жүлдеге ие болды.
Еліміздің көкпар құрамасы да VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы кездесуін ірі жеңіспен бастады. Көкпаршыларымыз топтық кезеңде Ресей құрамасымен кездесіп, қарсыласын 14:1 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша, дені Алматы облысының спортшыларынан жасақталған Қазақстан құрамасы алғашқы ойыннан турнирдегі басты фавориттердің бірі екенін көрсетті. Кеше көкпардан Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Мажарстанды жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Отандастарымызға жарқын жеңістер тілейміз!

Ерзат АСЫЛ