Қаскелең қаласының тұрғыны Айнұр Каби бала кезінен би билеуді ерекше жақсы көретін. Алайда ата-анасы бұл қызығушылығын қолдамағандықтан, фармацевт мамандығын меңгереді. Тұрмысқа шығып, бала сүйгеннен кейін йогаға қызығып, тіпті сауықтыру орталығын ашқан. Бұл ретте оған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегі зор болды. Атап айтқанда, оған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
Орталық «Алтын ауыл» шағынауданындағы №7 үйдің жертөлелік қабатында орналасқан. Оның жұмысы грант берілген 2025 жылдың шілде айынан бастау алды. Жалға алынған бөлменің еденіне арнайы төсеніштер төселген. Мұнда би сабақтарына арналған айналар мен тұтқалар да қарастырылған. Спорттық құрал-жабдықтарды орналастыру үшін сөрелер қойылған.

Мұның барлығы «Бастау Бизнес» жобасы аясында аудандық мансап орталығы арқылы берілген грант қаражатына сатып алынды. Маталар, велотренажерлер, йога-гамактар, түрлі көлемдегі доптар, гантельдер және жаттығулардың сан алуан түріне арналған басқа да құрал-жабдықтар алынды. Мұның бәрі жаттығулардың толыққанды өтуі үшін қажет. Жеке кілемшелер де бар. Бұл дайындыққа келіп, одан кейін бірден жұмысқа баратын адамдар үшін өте ыңғайлы.
Айнұрдың айтуынша, орталыққа негізінен қыздар мен әйелдер келеді. Олардың басым көпшілігі йогамен таңертең ерте немесе кешкі сағат 17:00-ден кейін айналысқанды жөн көреді. Ал биге балалар қызығушылық танытады. Бұл ретте орталықтың жанында «Алтын ауыл» орта мектебінің орналасқаны да қолайлы. Сабақ бағдарламасына заманауи және халық билері, сондай-ақ зумба кіреді. Бұл бағыттарды орталықпен бірге жұмыс істейтін тағы бір қыз үйретеді. Осылайша, олар бірлесе отырып, қаскелеңдіктерді салауатты өмір салтына баулуға өз үлестерін қосып келеді. Бұл ретте йога мен бидің де маңызы зор.
– Алдымен йогамен өзім айналыстым, – деп әңгімесін жалғастырды Айнұр.
– Бұл маған қызықты болғандықтан, кейін онлайн және офлайн форматта шебер нұсқаушылардан қосымша білім ала бастадым. Біртіндеп дағдыларым жетіліп, жаңа білім жинақтаған сайын оны өзгелермен бөліскім келді. Осылайша йога сабақтарын өткізу туралы ой пайда болды. Алғашқы кезде ойымды жүзеге асыруға қаражат болмады. Алайда мемлекеттің қолдауының арқасында арманымды жүзеге асыруға нақты мүмкіндік туды. Сондай-ақ жұбайым Дәуреннің қолдауы да мен үшін аса маңызды болды.
Айта кетерлігі, ерлі-зайыптылардың төрт баласы бар – үш қыз және бір ұл. Олар – Гаухар, Ілияс, Каусар, Асылым. Үлкені – 14 жаста, ал кенжесі – 3 жаста. Олардың барлығы сымбатты, нәзік әрі көрікті анасына қарап, би, йога және спортпен айналысуға қызығушылық танытады.
Айнұрдың айтуынша, «йога» сөзі байланыс, бірігу, зейін қою деген мағынаны білдіреді. Бұл – дене мен ойдың үйлесімділігіне қол жеткізуге бағытталған ежелгі үнді тәжірибесі. Ол дене жаттығуларын, тыныс алу әдістерін және медитацияны біріктіреді. Йогамен айналысу бұлшықеттерді нығайтып, буындардың икемділігін арттырады, күйзеліс пен алаңдаушылықты жеңуге көмектеседі, зейінді жақсартып, ұйқының сапасын арттырады.
Алдағы жоспарларына келсек, жас кәсіпкер өз қызметін кеңейтіп, үлкен фитнес-орталық ашқысы келеді. Алайда бұл үшін уақыт, қосымша күш-жігер және қаражат қажет.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы