Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Қытай Халық Республикасының Цинхай провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен жүздесуде тараптар «Бір белдеу – бір жол» бастамасының мақсаттарын қолдайтынын білдіріп, шекаралық сауда, жасыл энергетика, туризм, мәдениет және ғылыми зерттеулерді дамытуға дайын екенін жеткізді.
Ең әуелі Ғани Айдарұлы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дипломатиялық қатынас өзара сенімге, тату көршілік және стратегиялық әріптестікке негізделгенін атап өтті. «Қытай Халық Республикасымен шекаралас, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызы бар Алматы облысы атынан сіздерге шын жүректен қош келдіңіздер дегім келеді. Біздің кездесуіміз Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 34 жыл толуына орай өтіп отыр. Осы уақыт ішінде ел арасында берік, жан-жақты және тату көршілік байланыс қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағына сенім білдіріп, Қазақстан мен Қытай халықтарының достық пен ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өткен болатын. Бүгінде екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда ауқымды бірлескен бастамалар іске асырылуда. Ал Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Аймақ пен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, индустриялық аймақтар құрылуда, шетелдік инвестициялар тартылып жатыр. Цинхай провинциясы басшылығының халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан үлесін жоғары бағалаймыз. Бүгінгі кездесудің, сондай-ақ бұдан бұрын қол қойылған меморандумдардың болашақ үшін маңызы зор. Бүгінгі кездесу Алматы облысы мен Цинхай провинциясы арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынына сенемін», – деді Ғани Айдарұлы.

Кездесуде Цинхай провинциясы губернаторының орынбасары Чэн Цзивэй өңірлер арасындағы барыс-келісті нығайтудың басым бағыттарын алға тартты. «Цинхай провинциясы соңғы жылдары экономикалық өсім мен табиғатты қорғауды қатар дамытуға басымдық беріп келеді. Цинхай – табиғи тұзды көл ресурстарына аса бай өңір. Бүгінде табиғатты қорғау, таза энергия, органикалық ауыл шаруашылығы және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты бір арнаға тоғыстырып отыр. Бізде табиғаты көркем тау мен орман, өзен мен көл көп. Алматы облысында да көркі көз таратын жерлер көп екенін аңғардым. Сондықтан туризм, спорт, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында іскерлікті ілгерілетуге мүмкіндігіміз жеткілікті. Бізді өңірдің агроөнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы жетістіктері ерекше қызықтырады. Бірлескен жобаларымыз екі жақтың тұрғындарына нақты пайда әкеледі», – деді ол.
Сапар барысында шетелдік делегация өкілдері өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысан мен кәсіпорындарды аралап, бірлескен бастамаларды дамыту мүмкіндіктерін кеңінен талқылады.
Ерзат АСЫЛ