Қонаев қаласында «Қазақстан – Үндістан» іскерлік форумын өткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Шыңғыс Әрінов пен Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалдың кездесуі барысында белгілі болды.
Форумда көпфункционалды кешендер, қонақүйлер, ауруханалар мен тұрғын үй құрылысы, энергетика саласындағы ірі компаниялар өзара келіссөз жүргізіп, инвестициялық бастамаларды талқыға салады.
Елші мен әкім кездесуінде сондай-ақ сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы қарым-қатынасты дамыту мәселелері қаралды. Бүгінде Қазақстан, оның ішінде Алматы облысы мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық күн санап жанданып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 24%-ға артып, 30,7 млн АҚШ долларына жетті. Облыста Үндістан инвесторларының қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын туризм және білім беру саласын ілгерілетуге бағытталған 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Үндістан капиталының қатысуымен өңірде 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар қос тарап бірігіп құрған 4 кәсіпорын бар. Туризм саласы да – өзара ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттардың бірі. Мысалы, өткен жылы өңірге Үндістаннан 2 500-ге жуық турист келді.
Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде аталған бизнес-форум екі тарап үшін де тиімді әрі нақты нәтижеге жеткізетін игі шара болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Алматы облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтіп, оның артықшылықтары мен жетістіктері жайлы баяндады.
– Үнді компанияларының мол тәжірибесі Алматы облысында технологиялық және инфрақұрылым бағытындағы тың бастамаларды іске асыруға септігін тигізеді деп сенемін. Өз тарапымыздан біз инвесторлардың ұсыныстарын жан-жақты қарап, оны іске асыруға дейінгі қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Соңғы үш жылда Алматы облысы шетелдің 17 өңірімен ынтымақтастық туралы келісімдерді бекітті. Осыған байланысты біз Үндістан Республикасының өңірлерімен тікелей серіктестік орнатуға мүдделіміз, – деді аймақ басшысы.
Сайлас Тангал бизнес-форум жылжымайтын мүлік саласындағы кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыратынын жеткізді. Сонымен қатар Үндістан компаниялары Алатау және Қонаев қалаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін айтты.
– Үндістан денсаулық сақтау, фармацевтика және роботтандырылған хирургия салаларында озық тәжірибеге ие. Сондықтан біз Алматы облысында өндіріс орындарын ашуға және облысқа қажетті кейбір басым бағыттар бойынша ауқымды бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға әзірміз, – деді Сайлас Тангал.
Жиын соңында қос тарап өзара тиімді серіктестікті дамытып, бірлескен жобаларды жандандыруға, бизнес-форумды өткізу барысын жан-жақты пысықтауға уағдаласты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС

