Алматы облысының өкілі Асем Орынбай Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.
Жапонияда стенд атудан әйелдер арасындағы «скит» жаттығуының жеке сайысындағы финалдық бәсеке аяқталды. Шешуші кезеңде Асем Орынбай 28 нысананы дәл атып, үшінші орынға ие болды. Алтын медаль Қытай өкіліне, күміс медаль Таиланд спортшысына бұйырды.

Асем үшін бұл — қазіргі Азия ойындарындағы екінші медаль. Бұған дейін ол Зоя Пискун және Адель Садакбаевамен бірге әйелдер арасындағы командалық «скит» сайысында екінші орын алып, Қазақстан құрамасына күміс жүлде әкелген еді.
Алматы облысының спортшысы үшін бұл Азия ойындары халықаралық спорттық мансабындағы тағы бір жарқын белеске айналды. Асем Орынбай — Олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем рекордшысы, әлем кубогының чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері.
Асем үшін Азия додасының жеңіс тұғыры да жақсы таныс. Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол екі алтын және бір қола медаль иеленді. Атап айтқанда, әйелдер арасындағы командалық «скит» пен «скит-миксте» чемпион атанып, жеке сайыста қола жүлдеге қол жеткізді.
Бүгінде Асем Орынбайдың есімі Алматы облысының стенд ату мектебімен тығыз байланысты. Оның басты артықшылықтары — дәлдік, сабырлылық және шешуші сәтте барынша шоғырлана білуі. Айти–Нагоядағы Азия ойындарында да ол өз шеберлігін нәтижесімен дәлелдеді: командалық сайыста — күміс, жеке есепте — қола.
XX жазғы Азия ойындары Жапонияда 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы ел намысын қорғайды.