«Ауыл аманаты» бағдарламасының түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру десек, еш қателеспейміз. Бұл жоба ауылдағы ағайынның шаруашылықпен айналысуына, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздар санының азаюына серпін береді. Мемлекеттік бағдарлама Жамбыл ауданында да ретімен жүзеге асырылуда.
Аталған бағдарлама қолға алынғалы бері аудан бойынша 24 ауылдық округтен 300-ден астам азаматтың өтінімі қабылданған. Жалпы өтінім сомасы – 3,2 миллиард теңге деп есептелсе, 200-ге жуық жоба мақұлданып, оны іске асыруға 1,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Бұл – барлық өтінімдердің шамамен 60 пайызы.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісовтың айтуынша, бағдарлама бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мәселен 2023 жылы 33 жоба қаржыландырылған болатын. Келесі жылы қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсіп, 92 жобаға ақша бөлінген. Ал 2025 жылы ауданда 58 жоба қаржыландырылыпты. Бұл іс биыл да жалғасын тауып, кәсібін ұйымдастырғандар бар. Бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды. Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша 15 жоба іске асырылған. Ал мал шаруашылығын дамыту үшін 128 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар кооперативтерді жабдықтау бойынша 10 жоба, өз кәсібін ашуға 32 жоба қабылданды.
Жеке кәсібін ашқандардың бірі – Ұзынағаш ауылының тұрғыны Жүрсін Қазықанұлы. Ол бірнеше жылдан бері көлік майын ауыстыру орындарында жалданып жұмыс істеп келген. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 8 миллион 625 мың теңге көлемінде төмен пайыздық несиеге қол жеткізеді. Сөйтіп өзінің жеке кәсібін ашқанының арқасында үйреншікті жұмысынан табатын табысын еселеп отыр. Ол қаладан автокөлік қозғалтқышына арналған сапалы май әкеліп, қызметіне жүгінгендердің көліктерінің майларын ауыстырады. Өзіне көрсетілген мемлекеттік қолдауға ризашылығын білдіреді. Сол сияқты мал бордақылау алаңын құрып, азық-түлік өндірісіне үлес қосып отырғандар бар.
Ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған маңызды бағдарламаның нәтижесінде құрылған осындай жаңа жұмыс орындары көптеп саналады. Нақтырақ айтқанда аталған мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастағалы бері ауданда 205 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, соның аясында 1 млрд 800 млн теңге игерілді, 300 адам тұрақты жұмыс тапты. Одан жергілікті бюджетке 20 млн теңгеден астам салық түскен. Әлі де қаралу сатысында жатқан өтінімдер бар.
– Өтінімдер бағдарлама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен қаралып, қаржыландыру облыс деңгейінде бекітілген лимитке сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан барлық өтінім бір мезетте қаржыландырылмайтынын ескеру қажет. Жамбыл ауданы әкімдігі тарапынан тұрғындарға бағдарлама талаптары мен қаралу тәртібі бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасына жүгінген азаматтар негізінен ауылшаруашылығын дамытып, кәсіпкерлікке бет бұрады. Қазір тағы 200-ге жуық өтінім «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өткізілді. Қаржының бөлінуіне қарай қарастырылып, мақұлданатын болады,– дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісов.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы
