Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қайрат Жұманов, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы: Білім – ең басты құндылық

Қайрат Жұманов, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы: Білім – ең басты құндылық

29 қаралым

Жаңа оқу жылы басталып, мұғалімдер қауымы мен оқушылар үшін білім мен ізденіске толы тағы бір жыл есігін айқара ашты. Биылғы оқу жылын облыс тың жаңалықтармен бастап отыр. Аймақта 5 жаңа мектеп ашылып, күрделі жөндеуден өткен 10 білім ошағы пайдалануға берілді. Өңірде 37 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Білім жүйесіне де бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа оқу жылындағы жарқын бастамалар мен оңды өзгерістер туралы Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов кеңінен баяндап берді.

– Қайрат Ізбасарұлы, бүгінде білім саласына қойылып отырған талап зор. Мұғалім алдында ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға тәрбиелеумен қатар жаңа технология, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысын меңгерген жаңа дәуірдің жаңа адамын қалыптастыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы балалар мен жастардың бойында жаңа Конституцияда бекітілген құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға да баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Осы орайда оқу жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа өзгерістер туралы айтып өтсеңіз.
– Жаңа оқу жылы еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңде басталып отыр. Күшіне енген жаңа Конституция адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуға басымдық береді. Сондықтан біздің міндетіміз – конституциялық талаптарға сай білім беріп, баланың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау. Осыған орай, аймақта білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағыты белгіленді. Оның біріншісі – «Әділеттілік және тең мүмкіндік: Білімге салынған инвес­тиция – болашаққа салынған ең сенімді капитал». Бұл ретте жаңа конституциялық талаптарға сай үшауысымды мектептерді жою, заманауи білім ошақтарын салу және цифрлық сауаттылықты дамыту көзделуде. Екіншісі – «Заң мен тәртіп» мәдениеті: Өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру». Үшіншісі – «Сапалы білім беру ортасы: Еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау». Осы бағытта жұмыс жасауды қолға алып отырмыз.
Ал тәрбие жұмысының негізгі тіректері жалпыұлттық бастамаларға негізделген. Олар – жастардың бойында жауапкершілік пен еңбекқорлық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бір­ыңғай бағдарламасы, экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға деген қамқорлықты орнықтыруға арналған «Таза Қазақстан» бастамасы, әрбір тәрбие шарасының нақты нәтижеге жетуіне негізделген «Мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы». Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамаларына айрықша көңіл бөлініп отыр.
Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты ретінде белгіленген «Заң мен тәртіп» мәдениетін қалып­тастыру да мектептен бастау алмақ. Бұл құндылықтар бала бойына оқушы кезінен қаланады. Білім беру мекемелерінде құқықтық оқыту мен тәрбиелеуді жаңа деңгейге көтеру үшін 2025-2026 оқу жылында республика көлемінде алғашқы болып Талғар ауданының 13 білім беру ұйымында пилоттық жоба бастау алған болатын (10 мектеп, 3 колледж). Биыл пилоттық жоба жалғасын тауып, облыстың қосымша 35 білім беру ұйымы енгізілді (21 мектеп мен 14 колледж).
Жоба білім алушылар арасында заңға бағынушылық қасиетті қалыптастырып, құқықбұзушылық, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және өзге де девианттық мінез-құлық түрлерінің алдын алуға бағытталған.
Жаңа оқу жылының тағы бір айтар басты жаңалығы – жасанды интеллекті орта білім беру жүйесіне енгізілуде. Осыған орай 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген. Сонымен қатар, мектептерде «Құқық негіздері» пәнін жүйелі түрде оқыту қолға алынуда. Балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға негізделген «Жеке қауіпсіздік» курсы да мектеп бағдарламасына енгізілді. Ол 5-8 сыныптарда 4 аптада бір рет, 9-11-сыныптарда 2 аптада бір рет өткізіледі. Сонымен бірге бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа іске қосылады. Ол балалардың жағдайын жүйелі түрде бақылауға, тестілеуге формалды көзқарасты болдырмауға және Ұлттық білім беру деректер қорын трансформациялау шеңберінде баланы үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Мектепке дейінгі тәр­бие – баланың алғашқы қадамына бағыт-бағдар беретін, өмірлік іргетасын қалайтын маңызды кезең. Бар білімнің бастауы балабақшадан басталатыны белгілі. Осы ретте облыста баланы балабақшамен қамту деңгейі қандай? Балабақша орнының жетіспеушілігі, кадр тапшылығы сынды мәселелер бар ма?
– Облыста 1145 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 101-і мемлекеттік, 979-ы жекеменшік балабақша, 64-і мектеп жанындағы шағын орталық және біреуі жекеменшік шағын орталық.
Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі 92 935 бала мектепке дейінгі біліммен, 24530 бүлдіршін мектепалды даярлықпен қамтылған. Облыста 2493 орынға арналған 38 жекеменшік балабақша мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істеп келеді. Мектепке дейінгі білім берумен 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 94% пайызды, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 96,3% пайызды құрайды.
2025 жылдың маусым айынан бастап Қонаев қаласында 24 мектепке дейінгі ұйымда 2 951 орынға арналған ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, балабақшаға бара алмай жүрген балалардың ата-аналарына көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру мақсатында 365 кеңес беру орталығы іске қосылса, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті.
Биыл облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы 427 отбасынан шыққан жекелеген санаттағы 896 бала тегін тамақтанумен қамтылып отыр.
Мектепке дейінгі ұйымдарда 7 099 педагог қызмет етеді. Жаңа форматтағы біліктілік санаты бар педагогтер саны – 2004. Былтыр педагогтердің біліктілік санаты бойынша кәсіби біліктілік деңгейі 21,1%-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 7,1%-ға өсіп, 28,2%-ға жетті.
​Аймақта кадр тапшылығы мәселесі де бар, оның 90% пайызы жекеменшік балабақшаларға тиесілі. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтерге қажеттілік 123 орынды, ал жекеменшік балабақшаларда 477 орынды құрайды. Ең өткір кадр тапшылығы – Талғар, Іле, Қарасай аудандарында.
– Келесі маңызды буын – орта білім. Мектепте берілген білім мен тәрбие жас ұрпақтың қалыптасып, дамуына, жақсы өнеге мен тәлім-тәрбиені бойына сіңіруіне жол ашады. Бұл орайда орта білім ошақтарына қажетті жағдай жасап, қолдау маңызды. Осы мақсатта атқарылып жатқан істерді айтып өтсеңіз.
– 2026-2027 оқу жылында Алматы облысындағы 497 орта білім беру ұйымында 388 936 оқушы білім алуда. Оның ішінде 447 мемлекеттік мектепте 369 952 оқушы, 50 жекеменшік мектепте 18 984 оқушы бар. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 9 412 балаға артты.
2024-2025 жылдары «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін облыс мектептеріне енгізу жобасы сәтті жүзеге асырылып, оң нәтижелер мен жоғары жетістіктер көрсетті. Атап айтсақ, осы жобаға енген мектеп оқушыларының жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасы 4-тен 12%-ға дейін артты. 2025-2026 оқу жылында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада 34 оқушы жүлделі орынға ие болып, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» ретінде командалық 1-орынды иеленді.
Биыл бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Алматы облысы» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры, «Jelken Foundation» қоғамдық қоры және Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп іске асырылуда. Негізгі мақсат – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, ауылдық жерлердегі оқушылар үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру.
Жобаға облыстағы 75 білім беру ұйымы – 45 толық жинақталған және 30 шағын жинақты мектеп енгізілді. Жоба аясында мектептердің оқу кабинет­терін жөндеуге 101 млн теңге, 75 мектептің 2070 педагогі мен әкімшілік өкілдерінің біліктілігін арттыруға 298,8 млн теңге, ал білім алушыларға онлайн сабақ өткізетін педагогтерге қосымша еңбекақы төлеуге 14,9 млн теңге қарастырылған.
Бүгінде педагогтерді даярлау жұмыстары да басталды. 24–28 тамыз аралығында 663 педагог біліктілікті арттыру курсынан өтті. 7–11 қыркүйек аралығында 25 әдіскерге арнайы курс ұйымдастырылды. Қалған 1382 педагог бекітілген кестеге сәйкес оқу курстарынан өтеді.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жобаға қатысатын 75 мектептегі 184 оқу кабинетін жабдықтау жоспарланған. Оның ішінде 45 толық жинақталған мектепте физика, химия және биология пәндеріне арналған 135 мамандандырылған кабинет жарақтандырылады. Ал 30 шағын жинақты мектепте оқушы санына қарай цифрлық және жаратылыстану ғылымдары бағыттарын қамтитын кабинеттер жабдықталады.
Оқу кабинеттеріндегі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ кабинеттерді линолеум және ролл-шторлармен жабдықтау жұмыстары 30 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл – ауыл мектебінің материалдық базасын ғана емес, ондағы білім беру ортасын сапалық тұрғыдан жаңартуға бағытталған кешенді жұмыс. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру ұйымдарының инфрақұрылы­мын жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 276,6 млн теңге бағытталды. Мектеп кітапханаларын заманауи форматқа бейімдеп жаңғырту үшін 169,5 млн теңге қарастырылды.
– Білім көрсеткіші оқу­шылардың жеткен жетіс­тігімен өлшенетіні белгілі. Облыс жеткіншектерінің бағын­дырған биіктері қандай?
– Өткен оқу жылында оқушылар­дың пән бойынша олимпиадасына өңірімізден 541 оқушы қатысып, 303 жүлделі орынға ие болды. Оның 83-і алтын, 86-сы күміс, 134-і қола медаль. Халықаралық байқауларға 67 оқушы қатысып, 29 оқушы жеңімпаз атанды, 8 алтын, 6 күміс, 15 қола медальға қол жеткізді. Мұнымен қатар республикалық «Математикалық регата» олимпиадасында Алматы облысының командасы 4 жыл қата­рынан жүлделі орын иеленді.
Тағы бір айта кетерлігі, екі жыл қатарынан түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең жоғарғы көрсеткіші – 140 балл жинады. Биыл Еңбекшіқазақ ауданы М.Горький атындағы орта мектеп түлегі, «Алтын белгі» иегері Әли Айдынұлы, былтыр Еңбекшіқазақ ауданы Толқын орта мектебінің түлегі Санжар Қуандық облыс мәртебесін биіктете түсті.
Соңғы 4 жылда жергілікті бюджет есебінен 239 түлекке облыс әкімінің гранты берілді. Биыл қажеттілігіне қарай 35 грант бөлініп отыр. Оның 22-сі медицина, 3-еуі аграрлық зерттеу, 10-ы педагогика саласына бағытталуда. Сонымен қатар, жаста­рымыздың халықаралық деңгейде білім алуына жағдай жасау үшін жыл сайын Қытай Халық Республикасы Синьцзянь университетіне 25, Цинхай провинциясына 10, Сычуань провинциясына 10, Шаньдун уни­верситетіне 5 түлекке тегін білім алу гранты берілуде. 2024 жылдан бері 65 түлек Қытай елінде білім алуда.
Облыста дарынды оқушылар санының жылдан-жылға артуы мен түлектердің еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарына түсуінде шәкірт бойына білім негізін дарытып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашқан ұстаздарымыздың тынымсыз еңбегі жатқаны сөзсіз.
– Колледждер – кәсіби маман даярлаудың негізгі буыны. Еліміздің дамуы мен өркендеуінде де жұмысшы мамандардың алар орны зор. Бүгінгі уақыт талабы мен сұранысына сай мамандар даярлауда кәсіптік-техникалық оқу орындарына қаншалықты жағдай жасалып отыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беру саласына айрықша көңіл бөліп, жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеруді басым бағыт ретінде белгіледі. Осы ретте біздің мақсатымыз – әрбір жастың сапалы білім алып, өз өңірінде сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасау. Еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауда облыстағы ірі өндіріс орындарымен, зауыттармен меморандумдар жасап, кадрларды даярлауды кеңейтуді қолға алудамыз. Осы орайда, қажетті «Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Жиhаз өндірісі» маман­дықтарын ашу үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаражат бөлініп, аталған мамандықтар ашылды.
Колледждердің материалдық-тех­никалық базасын нығайтуға да мейлін­ше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатқа 45,6 млн теңге қаржы бөлініп, өткен жылы Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі мен Қонаев қалалық көпсалалы колледжі қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Сонымен қатар, биыл Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің 200 орынды жатақханасы қолданысқа берілді. 
Колледж студенттерінің жетістігі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әлемнің 80 елі қатысқан 10-шы Рес­публикалық «WorldSkills Kazahstan» чемпионатының қорытындысы бойынша Алматы облысынан 27 құзы­реттілік бойынша 12 студент жүлделі орындарға ие болып, үздік дайындық деңгейін көрсетті. Олар 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль мен 5 ынталандыру жүлдесін иеленді.
Мұның бәрі мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім сала­сына жасалып жатқан қолдаудың арқасында жүзеге асқан игі істердің жемісі. Білім – тозбайтын тон, таусыл­майтын кен. Конституциямызда да білім, ғылым, инновацияға ерекше көңіл бөлінген. Өйткені, білім – ең басты құндылық. Күн сайын қарыштап, дамып, көз ілеспес жылдамдықпен адымдап, алға ұмтылған заманда озық технологиясымен озып шыққан, уақыт талабына сай жасанды интеллекті мүмкіндіктерін терең меңгерген білімді, өркениетті ел ғана көш бастары анық.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Алма ЕСЕНБАЙ

↑