Перейти к содержимому

Қалдырған ізі мәңгілік

49 қаралым

         Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі Жұмабай Жадриннің туғанына 100 жыл толуына орай, «Қалдырған ізің мәңгілік» атты еске алу шарасы өтті.

         Тағылымды мәдени-көпшілік жиынға аудан басшылығы, ардагер ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесінің туған-туыстары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген шәкірттері қатысты. Кеш шымылдығы ұлағатты ұстаздың өнегелі өмірі мен өлшеусіз еңбек жолына арналған деректі фильм көрсетілімімен ашылып, жиналған қауымды бір сәт өткен күннің жарқын естеліктеріне жетеледі.

         Салтанатты шарада алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек аудан басшысы Нұрлан Ертасұлының мерейтой иесіне арналған ыстық ықыласты лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде өңірдің білім беру саласына ұстаздың қосқан мол үлесіне тоқталып: «Жұмабай Жадыраұлының өмір жолы — адал еңбек пен ұстаздыққа деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісіндей. Оның есімі тек бір ауданның ғана емес, тұтас елдің білім тарихында алтын әріппен жазылып қалды», – деп атап өтті.

         Шын мәнінде, Жұмабай Жадрин саналы ғұмырының 45 жылын Жамбыл ауданындағы педагогикалық қызметке арнаған. Соның 20 жылдан астам уақытын Үңгіртас қазақ мектеп-интернатының басшылығына арнап, бұл шаңырақты нағыз білім мен тәрбие ошағына айналдырды. Көрнекті ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасында аталған білім ордасы озық іс-тәжірибесімен сол кездегі Кеңес одағы көлеміне танылды. Мектеп жұмысымен танысу үшін дүниежүзінің 50-ге жуық елінен шетелдік делегациялар арнайы келіп, тәжірибе алмасты. Ол басқарған мектепте оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, еңбекке ерте баулынды: мектеп ауласын абаттандырып, ағаш екті, арнайы шеберханаларда комбайн макеті мен шахмат фигураларын жасап шығарды. Мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі сол заманның өзінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын.

         Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетін бітірген білікті маман еңбек жолын Қарғалы мектебінен бастап, одан кейін Жамбыл, Қарақыстақ ауылдарында мектеп директорлығын абыроймен атқарады. Одан кейінгі өмірі мен қызметі Үңгіртас мектеп-интернатымен етене байланыста өткен. Ардақты ұстаздың өнегелі жолын отбасындағы балалары мен немерелері де жалғастырып, білім саласында абыроймен еңбектеніп келеді.

         Салтанатты жиында сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, отандық білім жүйесіне еңбегі сіңген көрнекті ұстаз Күләш Шәмшидинова Жұмабай Жадриннің педагогикалық ұстанымы мен басшылық қасиеттерін жоғары бағалады. Ол ұстаздың есімін жаңғыртып, мұндай тұлғалардың еңбегін кейінгі жастарға үлгі етудің маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, ұстаздың мақтанышына айналған шәкірттерінің бірі, физика-математика ғылымдарының докторы, Швеция, Франция және Англия Ақпараттандыру академияларының академигі Адамбек Татенов жүрекжарды естелігімен бөлісіп, ұстазының өмірінен алған тәрбиесі өмірлік бағдар болғанын жеткізді. Көпшілік алдында сөз алғандар ұстазды ұлықтау ұлт болашағын ұлықтау екенін айтып, мұндай тұлғалардың өнегесі ешқашан ұмытылмайтынын баса айтты. Шара соңында мерейтой иесінің ұлы Бейбітжан Жұмабайұлы осы шараны өткізуге атсалысқан және әке рухына тағзым етіп келген барша қауымға әулет атынан шынайы алғысын білдірді.

         Мерейтой аясында жазушы-журналист Тұрсынбек Ешенқұловтың Жұмабай Жадриннің өмірі мен өнегелі ұстаздық жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсауы сахна төрінде кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Жиын соңы аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Жұмабай Жадриннің туған топырағы Қарғалы ауылының «Асыл әжелер» тобының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік кештің әсерін арттыра түсті.

         Ұстаз рухын асқақтатқан кеш кейінгі буынға бағыт сілтер баға жетпес тағылымды сабаққа айналды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑