Перейти к содержимому

Картоп жинау қарқын алды

30 қаралым

Райымбек ауданында картоп жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Таң бозынан бастап, кеш батқанша шаруалар тынымсыз еңбек етуде. Биыл аудан бойынша 2 467 гектар жерге картоп егілді. Қазіргі таңда 80 гектарынан өнім жиналды.

Картоп жинау науқанының қарқыны мен нәтижесі еңбекпен қатар, техниканың мүмкіндігіне де тікелей байланысты. Аудан бойынша бұл жұмыстарға 478 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 239 трактор, 220 картоп қазғыш және 19 картоп комбайны бар.
Техникасын сайлап, еңбегін еселеген шаруалар үшін бұл – бір жылдық жұмыстың қорытындысын шығаратын жауапты кезең. Өйткені жерге егілген әр түптің артында маңдай тер, еселі еңбек жатыр. Сонымен қатар, жиналған өнімді ысырапсыз сақтап, сапасын жоғалтпай, тұтынушыға жіберу де – маңызды міндет. Осы орайда ауданда жалпы сыйымдылығы 5 500 тоннаны құрайтын 3 картоп сақтау қоймасы бар. Мұнда жиналған өнім келесі жылдың мамыр айына дейін сақталады.
Шекаралы аудан тұрғындарының негізгі табыс көзі де осы өнімнің өтімділігіне байланысты. Аудандық ауыл шаруашылығы саласы маман­дарының айтуынша, картопты кәсіппен ұштастырып, үлкен нарыққа жол ашуды көздейтін шаруалар үшін минералды тыңайтқыштар сатып алуға, сондай-ақ тұқым сатып алу шығындарын өтеуге бағытталған арнайы субсидиялар мен жеңілдіктер қарастырылған. Сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым егілуі тиіс. Осыған орай қазіргі уақытта ауданда «Тәуекел» шаруа қожалығы арнайы аттестатталған тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие болып, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде. Бүгінде шаруалар «PepsiCo» компаниясымен келісімшарт жасап, чипсы өндіруге арналған картоп сорттарын өсіруді қолға алды.
Картоп – ылғалсүйгіш өсімдік. Осы қажеттілігіне орай Райымбек ауданында картоп өндірісінде жаңбырлатып суару технологиясын енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық берілуде. Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын сақтау, өнімділікті арттыру және жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Нарынқолдың картобы өзіндік ерекше дәмімен, табиғилығымен, экологиялық тазалығымен, жоғары сапасымен ерекшеленеді. Райымбек ауданы теңіз деңгейінен шамамен 1800 метр биіктікте орналасқандықтан, мұндай салқын климатты таулы өлкеде түрлі зиянкестер де аз болады.
Берекелі жерден бітік өнім алған Райымбек ауданы диқандарының еңбегі – ауыл шаруашылығының дамуына қосылған үлес қана емес, ел ырысын еселейтін еңбек дәстүрінің жалғасы. Қара жердің қасиетін бағалап, кәсібін нәсіпке айналдырған шаруалар­дың маңдай тері ақталып, биылғы картоп науқаны да молшылықпен қорытындыланады деп сенеміз.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑