Перейти к содержимому

Қарттыққа бой алдырмағандар

42 қаралым

Жас деген – күнтізбедегі сан ғана. Көңіл қартаймаса, адамның үйренуден де, ізденуден де, ортамен араласудан да қол үзбейтіні анық. Кеше ғана немере бағып, үйдің күйбең тіршілігінен ұзай алмай жүрген әжелердің бүгін тоғызқұмалақтан жарысқа түсіп, жүлде алып жүргенін көргенде осы ойға тағы бір мәрте көз жеткізесің. Бірі би билейді, бірі ән айтады. Енді бірі йогаға барып, скандинавиялық жүріспен айналысады. Тіпті компьютер мен телефонның тілін меңгеріп жүргендері де бар.

Мұндай белсенді тіршіліктің ортасына айналған «Белсенді ұзақ өмір орталығы» Ұйғыр ауданы филиалының ашылғанына да бір жылдан асыпты.  Айта кетейік, аталған орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Орталық 2025 жылдың ақпан айында жұмысын небәрі 50 қызмет алушымен бастаған. Бүгінде мұнда 232 адам тіркелген. Басым бөлігі – Шонжы ауылдық округінің тұрғындары. Қызығы, олардың 90 пайызы әйелдер. Демек, орталықтың күнделікті тіршілігіне сән беріп, түрлі үйірменің көрігін қыздырып жүрген де біздің апаларымыз бен әжелеріміз.

Мұнда бос отырып әңгіме айтумен уақыт өткізбейді. Қызмет алушыларға он түрлі бағыт бойынша тегін қызмет көрсетеді. Би, хор-вокал, скандинавиялық жаяу жүру, цигун, йога, тоғызқұмалақ, жадыны нығайту, еңбек терапиясы, IT сауаттылығы мен емдік дене шынықтыру сабақтарының әрқайсысына қызығушылық танытатындар бар. Одан бөлек психолог пен медбике күнделікті қызмет көрсетеді.

Орталықтың бір жылдық жұмысын тек келушілер санымен өлшеу аздық етеді. Өйткені осы уақыт ішінде мұндағы апа-әжелер облыс көлемінде өткен түрлі байқауларға қатысып, ауданның атын шығарып үлгерген. Соның бірі – Гулистан Камаева. Талғар ауданында белсенді ұзақ өмір орталықтарының қызмет алушылары арасында өткен тоғызқұмалақ жарысында ол бірінші орынды иеленді. Ал нұсқаушылар арасындағы жалпы командалық сайыста Гүлнар Ақүрпикова екінші орыннан көрінді. Райымбек ауданында скандинавиялық жүрістен өткен байқауда нұсқаушы Нұрсапа Нұрали екінші орынды жеңіп алды. Қарасай ауданында өткен сайыстан да жерлестеріміз олжалы оралды. Психологтар арасында Зухра Аблизова, жадыны нығайту мамандары арасында Рабилям Иминжанова бірінші орын иеленді. Осының бәрі жыл соңындағы қорытындыға да әсер етті. 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен байқаулардың нәтижесі бойынша Ұйғыр ауданы облыс көлемінде үшінші орынға тұрақтады.

Әрине, жүлде алған жақсы. Бірақ осы орталықтың ең үлкен жетістігі медаль мен орындарда ғана емес. Бір жыл бұрын мұнда бір-бірін танымай келген жандар бүгінде құрбыға, досқа, сырласқа айналған. Бірге сабаққа қатысады. Мерекелерді бірге қарсы алып, бір дастарқаннан дәм татады. Саяхатқа да бірге шығады. Қысқасы, зейнетке шыққан соң төрт қабырғаға қамалып қалмай, өз ортасын тауып, өмірдің қызығын бірге көріп жүр.

Қариялар мұнда демалысты ұйымдастыруда да белсенді. Мәселен, өткен жылы қызмет алушылар Қырғызсай ауылына барып, тау бөктерінде демалып қайтты. Табиғат аясында түрлі жаттығулар жасап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа салт-дәстүрімізді көрсетті. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын шаралардан да орталықтың қызмет алушылары шет қалмайды.

Осындайда «адам қартайған соң не үйренеді?» деген түсініктің қаншалықты қате екеніне көзің жетеді. Кеше тоғызқұмалақтың тасын енді ұстап отырған әже бүгін жарысқа шығып, жүлде алып отыр. Бұрын спортпен айналыспаған жан таңертең жаттығуға асығады. Бірі әнге қосылып, енді бірі компьютердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Ең бастысы – үйден шығуға, адамдармен араласуға, жаңа дүние үйренуге себеп бар.

Филиал басшысы Акпаржан Маденұлы аз ғана уақыт ішінде орталықтың осындай үлкен ортаға айналғанына қуанышты. Бір жылдың ішінде 50 адамнан 232 адамға дейін өсу – жай ғана көрсеткіш емес. Оның ар жағында орталыққа асығып келетін жүздеген адамның көңіл күйі, жаңа таныстық, достық, ізденіс жатқанын, бұл олардың белсенді, ұзақ өмір сүруге деген талпынысының нәтижесі екенін де жасырмады.

Бәлкім, белсенді ұзақ өмірдің бар сыры да осында болар. Жасты ойлап жасымай, «енді маған не бар?» деп қол қусырып отырмай, әр күннен өзіңе керегін табу. Үйрену. Қозғалу. Араласу. Өмірдің әр кезеңінің өз қызығы барын сезіну. Орталықтағы апа-әжелер соны ісімен көрсетіп жүр.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы

↑