Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қаскелеңдік «Табиғат» әлемді мойындатып жүр

Қаскелеңдік «Табиғат» әлемді мойындатып жүр

20 қаралым

Ұлттық ит тұқымдарын сақтап, кеңінен насихаттау мақсатында елімізде жыл сайын 3 қыркүйекте Қазақ тазысы мен төбетінің күні атап өтіледі. Бір қызығы, Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында «Табиғат» атты тазы жұртшылық назарына іліккен. Бұл сұлу итті әлемді мойындатқан жұлдыз деуге болады. Себебі, биыл маусым айында Италияда өткен World Dog Show 2026 дүниежүзілік кинологиялық көрмесінде «Табиғат» жас чемпион атанып, әлемнің әр түкпірінен келген көптеген кәсіби кинологтардың назарын өзіне аударды.

 «Табиғаттың» бұл жеңісі оның иесі Тимур Каримовтың еңбегінің жемісі. Ол тазының күтіміне жауап береді, тамақтану рационын мұқият жоспарлайды, жаттықтырады. Сондай-ақ асыл тұқымды тазы жылдамдығын шыңдай алатын Үшқоңыр шатқалында жиі серуендейді. Осының бәрі «Табиғатты» әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.

– Білесіз бе, бұл дүниежүзілік көрмеге қатысуым кездейсоқ болған жоқ, – дейді Тимур. – Мен Абай облысының Мақаншы ауылында дүниеге келіп, балалық шағым сонда өтті. Нағашы жұртымда осы тұқымның иттері болғандықтан, тазыларға деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. 1997 жылы Қаскелең қаласына көшіп келдім. Біраз уақыт әуестігімді жалғастыруға мүмкіндік болмады. 2017 жылы қайтадан тазы үйретумен айналыса бастадым. Кейін белгілі бір себептерге байланысты тағы да үзіліс жасауға тура келді. Ал 2020 жылы арнайы уақыт бөліп, халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатын ұлттық тұқымымызды насихаттауды қолға алуды шештім. Сөйтіп, бір тазымен жұмыс істей бастадым. Одан көптеген күшік дүниеге келді. Солардың ішінен «Табиғатты»  өзіме қалдырып, оны тазы тұқымының лайықты өкілі болатындай етіп жақсылап дайындауды мақсат еттім.

Бір қызығы, Тимурды мұндай қадамға оның 13 жастағы ұлы Рамазан жігерлендірген екен. Ол әкесін тазымен көрмелерге қатысуға үнемі үгіттеп, бұл іске ерекше қызығушылық танытқан. Отағасы ұлының кеңесіне құлақ асып, бүгінде бұл шешіміне еш өкінбейді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы