Алматы англомерациясының айналасында орналасқан елді мекендер негізінен көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілді дегенімізбен, әлі де көмірді пайдаланатын тұрғындар қатары кемімей келеді. Осы орайда «Шанаңды жазда сайла» дегендей, жұртшылық қазірден бастап қысқы отынды қамдай бастаған.
Бұл орайда Жібек жолы ауылдық округінің кәсіпкерлері әдеттегідей өз қызметіне кірісіп кеткен. Бүгінде уылдық округ аумағында 13 көмір қабылдайтын теміржол тұйықтары орналасқан. Ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша 10 көмір тұйықтары жұмыстарын жалғастыруда. Аталған қоймаларда 5370 тонна «Шұбаркөл» және 1760 тонна «Қаражыра» көмірі бар. Демек, ерте қимылдағандар еш кезексіз қажетті отындарын түсіріп ала алады.
Отынның құнын қолжетімді бағада ұстап тұру жолында біршама шаралар жасалынып жатыр. Осылайша бүгіндері бір тонна көмірдің құны 21 500 теңге мен 23 000 теңге аралығында сатылуда. Бұл қазіргі қалыптасқан нарық бағасының орташа көрсеткіші болып есептелінеді.
Жыл соңына дейін округ аумағындағы көмір тұйықтарына, шамамен 115 000 тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Бір айта кетерлігі, Жібек жолы ауылындағы тұйықтардан Алматы облысының Қарасай ауданынан басқа Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек аудандарының, Жамбыл облысының Қордай ауданының тұрғындарына тасымалданады.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы