Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы ат бәйгесінен үш рет жеңіс тұғырынан көрінді. Дала төсінде дүниеге келген, көшпелі халықтың мәдениетімен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлері бұл жолы да жарқын жеңістердің алаңына айналды. Сол жеңістердің бірін Ерсұлтан Жарқын әкелді. 18 000 метр қашықтықтағы экстремалды топ бәйгеде қазақстандық шабандоз мәреге бірінші болып жетті. Ұлттық құрама сапында Алматы облысының намысын қорғаған Ерсұлтан Жарқын халықаралық этноспорттың ең ірі додасында өңір мерейін үстем етті. Көп ұзамай Қазақстан ұшқыр бәйгеде де жеңіс тұғырынан көрінді. 3 200 метр қашықтықтағы жарыста қазақстандық «Берил Рэйсер» сәйгүлігі үздік атанды. Жеңісті мәреге тұлпарды Каримжан Құрбанжанов бастап жеткізді. Чемпион аттың иесі — Бақтияр Байзақов.Қазақстан қоржынына үшінші алтын құнан бәйгеден түсті. 12 000 метр қашықтықтағы жарыста «Нұршашу» сәйгүлігінің ширақ мәресі ел қоржынына кезекті жеңісті салды. Алтын медальді Алматы облысының тағы бір өкілі Санжар Өмекей жеңіп алды.Үш қашықтық — үш жеңіс — Қазақстан қоржынындағы үш алтын медаль. Бұл жерде тек жылдамдық маңызды емес. Әрбір мәренің артында сәйгүліктің күші мен төзімділігі, шабандоздың дәл есебі және ғасырлар бойы көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі болған адам мен жылқы арасындағы ерекше байланыс жатыр.Алматы облысы үшін бұл жарыстар тағы бір мәрте мақтаныш сыйлады. Ерсұлтан Жарқын мен Санжар Өмекей Қазақстан ұлттық құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алтын жетістігіне өз үлестерін қосты.