Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдебиетке қызығушылықты арттыруға және ойлы, білімді қоғам құруға бағытталған республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны басталды. Жоба 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы көктемге дейін жалғасып, мектеп оқушысынан бастап педагогке, мемлекеттік қызметшіге, отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне дейін әртүрлі аудиторияны қамтиды. Марафон аясында қатысушыларға қазақ және орыс тілдеріндегі 330 кітап ұсынылған.
Бұл бастаманың құндылығы тек белгілі бір мөлшерде кітап оқумен шектелмейді. Оның негізгі мәні – оқылған шығарма туралы ойлану, кейіпкерлердің іс-әрекетін саралау, олардың таңдауларынан сабақ алу және кітаптан түйген ойды күнделікті өмірмен байланыстыра білу.
Марафонға ұсынылған шығармалардың бірі – қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі. Шығарма «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша ұсынылған кітаптар қатарында бар.
Бір қарағанда, бұл – мектеп оқушысы Қожаның басынан өтетін қызықты оқиғалар туралы шығарма. Алайда кітаптың тереңіне үңілген адам одан әлдеқайда маңызды мәселелерді көреді.
Қожа – мінсіз кейіпкер емес. Ол қателеседі, тәртіп бұзады, кейде асығыс шешім қабылдайды. Бірақ оның бойында өз ісіне сырт көзбен қарап, қатесін түсініп, жақсы адам болуға ұмтылу қабілеті бар. Осы арқылы шығарма оқырманға адамның құндылығы ешқашан қателеспеуінде емес, өз қатесін түсініп, одан қорытынды шығара білуінде екенін көрсетеді.
Қожаның ішкі толғаныстары әр адамға таныс. «Мен қандай адаммын?», «Менің әрекетім дұрыс па?», «Өзімді өзгерте аламын ба?» деген сұрақтар жасөспірім шақпен ғана шектелмейді. Мұндай сауалдар адаммен бірге өмір бойы жүреді.
Сондықтан «Менің атым Қожа» – тек балаларға арналған көңілді шығарма емес. Ол – мінез, жауапкершілік, ар-ұят, достық пен адамдық туралы кітап. Қожаның бойынан кейде өзіміздің балалық шағымызды, кейде бүгінгі балалардың мінезін көреміз. Ал оның қателіктері арқылы тәрбие тек тыйым салудан емес, баланы түсінуден, оған сенуден және дұрыс бағыт көрсетуден басталатынын аңғарамыз.
«Кітап оқитын ұлт» марафонының мәні де осында. Кітапты оқып қана қою жеткіліксіз. Оқыған дүниең адамды ойландыруы, пікір қалыптастыруы, жаңа сұрақтар қоюға жетелеуі керек.
Бүгін бір кітап оқыған адам ертең екінші кітапты іздейді. Бір шығармадан басталған қызығушылық біртіндеп тұрақты оқу мәдениетіне айналады. Ал кітаппен дос қоғам – ойын дәл жеткізе алатын, ақпаратты саралайтын, тарихы мен мәдениетін бағалайтын қоғам.
Сондықтан республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жарыс ретінде ғана емес, кітапқа қайта оралуға берілген мүмкіндік ретінде қабылдаған жөн.
Кітапты ашқан сайын біз жаңа кейіпкермен ғана емес, кейде өзімізбен де кездесеміз.
Оқитын адам – ойлайтын адам.
Ойлайтын адам – қоғамның дамуына үлес қосатын азамат.
Кітап оқитын ұлт – болашағын саналы түрде қалыптастыратын ұлт.
Қүмістей ӘБІШЕВА,
Ынтымақ ықшамауданының
«Асыл ана» кеңесінің төрайымы
Алатау қаласы