Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНАДЫ

КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНАДЫ

22 қаралым

Облыстық әкімдікте әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйла Серікбаева облыс көлемінде азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту және ана мен баланың денсаулығын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Айтуынша, репродуктивтік денсаулықтың жай-күйі демографиялық тұрақтылыққа, халықтың өмір сүру сапасына және елдің болашағына тікелей әсер етеді. Облыста биыл 7 айда 12 мыңнан астам бала дүниеге келген. Аурулардың профилактикасына және оларды ерте анықтауға бағытталған іс-шаралар іске асырылуда. Скринингтік зерттеулер халықтың нысаналы топтары арасында мінез-құлықтық қауіп факторларын анықтау, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, колоректалдық обырды, ақ В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау мақсатында жүргізіледі. Әйелдер арасында жатыр мойны обыры мен сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған скринингтер өткізіледі. 2024 жылғы қарашадан бастап 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағдарламасы іске асырылуда. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық ұсынымдарына толық сәйкес келеді. Содан бері 14 500-ден астам қыз вакцинацияланған. Сонымен қатар отбасын нығайтуға және халық санын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Мінберге шыққан жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисов отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін соңғы 4 жыл ішінде 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейтінін, жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатқанын хабардар етті. Аталған орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар, отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайтынын айтқан басқарма басшысы сөзінің соңында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, әлеуметтік сүйемелдеудің сапасын арттыру және алдын алу шараларының тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Келесі кезекте Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбектің баяндамалары тыңдалды. Баяндамашылар ауданының қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету, бастамаларын қолдау, көшбасшылық әлеуетін арттыру және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешудегі рөлін күшейту бағытындағы атқарылған шаралар жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ алдағы уақытта жүйелі түрде жалғастыру көзделіп отырған жұмыстар жайлы мағлұмат берді.
Комиссия мүшелері баяндамашылардың атқарылған жұмыстар жайлы деректерді алға тартқанын, оларға талдау жасап, зерделеу жұмысын жүргізбегенін айта келе, алдағы отырыстарда сөз сөйлеушілер осы мәселені ескеруді қаперге салды.
Жиынды қорытындылаған Ғани Айдарұлы Ләйла Пернебайқызының баяндамасында азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту үшін облыста оң динамика көрсетілгенімен, бірқатар өзекті проблемалар байқалатынын айтты. Сондай-ақ Асыл Нұрәлиұлының баяндамасының тақырыбы «мониторинг жүргізу туралы» болғанымен, мониторингтің нәтижелері, проблемалық талдау, салыстырмалы көрсеткіштер және нақты қорытындылар жеткіліксіздігін және алдыңғы отырыстың хаттамасында көрсетілген бірқатар тапсырманың орындалмағанын тілге тиек етті. Сол секілді аудан әкімі орынбасарларының баяндамасында статистика болғанымен, талдау жеткіліксіздігін айтып, келешекте баяндамаға қандай мәліметтер енгізілу қажеттігіне баршаның назарын аударды. Талқылау барысында көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты хаттамалық тапсырмалар берілетінін айтты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ