Перейти к содержимому

КҮЗДЕ ДЕ ЖАЙЛАУДА 

19 қаралым

          Жамбыл ауданындағы «Дулат» шаруа қожалығының иесі Дастан Есенғазиевтің мал өсірумен айналысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Атакәсіпке ден қойып, шаруасын дөңгелетіп отырған іскер жан жыл сайын жазда малын жайлауға шығарады. Биыл да бір отар қойы Кішісаз жайлауында қоң жинады.

         Ол Ұзынағаш ауылына тиесілі Кішісаз жайлауы төрт түлікке өте қолайлы екенін айтады. Салқын ауасы, көк майсасы малдың күйін тез көтереді. Шопанға да өте ыңғайлы. Күн шықпай, ерте өргізіп жіберіп, алыстан бақылап отырады. Дастан Көктөбенің етегіне жылда үй тігіп, осында 4-5 айдай малын қоңдатады. Жайлауда 600-ге жуық қазақы тұқымды қойы бағылады. Бұрын оның атасы Ұларбек марқұм 40 жыл Ұзынағаш кеңшарының қойын баққан. Ақтылы қойды өз төлі есебінен өсірген алдыңғы қатарлы аға шопан да Көктөбенің етегін жайлаған. Атасының өмірден өткеніне 40 жылдан асты. Енді оның жұртында немересі атакәсіпті лайықты жалғастыруда.

         Дастан өзімен қоса тағы екі азаматты жұмыспен қамтып отыр. Жайлаудағы малды соларға сеніп тапсырады. Өзі күн құрғатпай тауға барып, шаруа жайын қадағалап, малшылардың керек-жарағын апарып беріп тұрады. Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс елді мекенінде тұратын Дастан жайлауға мотоциклмен қатынайды. Астындағы жүрдек көлігімен тауға лезде барады. Қазір мотоцикл дегеніңіз мал ұстайтын ағайынға таптырмас көлікке айналған. Жанармайды көп қажет етпейді, баратын жеріне жылдам апарады. Бұған Дастан да үйреніп алған. Етекте күн қатты ысыған кездерде Дастан тау қойнауында көбірек уақытын өткізеді.

         Жайлауға шыққандар мұнда ауа райына, жердің отына байланысты қоңыр күзге дейін, шамамен қыркүйектің аяғы, қазанның басына дейін отырады. Өйткені күзгі жаңбырдан соң жер қайта көктейді. Биыл тауда шөптің шығымы өте жақсы болды. Әйткенмен, жаздың ыстығы әсер етпей қоймайды. Бұйырса, енді күзгі жаңбырдан кейін қайта көктейтіні анық.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы