Перейти к содержимому

Маңдай тердің мәртебесі

21 қаралым

Еңбек – елдің еңсесін тіктеп, тіршілігін алға сүйрейтін негізгі күш. Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күні – маңдай терімен нәпақасын тауып, елдің дамуына үлес қосып жүрген жандарға деген құрметтің белгісі. Қонаев қалалық Мәдениет үйіндегі салтанатты жиында облыс әкімі Шыңғыс Әрінов үздік мамандар мен еңбек ұжымдарын марапаттады.

Еңбек адамдарына арналған ме­ре­келік шара Мәдениет үйінің алдын­да ұйымдастырылған жәрмеңкеден бастау алды. Мұнда бос жұмыс орындары ұсынылып, кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарының өнімдері таныстырылды. Облыстық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жәр­меңкеге 28 жұмыс беруші қатысып, 350 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен бірге жастар практикасы, орта жастағыларға арналған жоба, әлеуметтік жұмыс орындары және біліктілікті арттыруға арналған қысқа мерзімді курстар бойынша да ақпарат берілді. Жәрмеңке сөрелерінен тынымсыз еңбектің арқасында кәсіп ашқан жандардың өнімдері орын алды. Былтыр мемлекеттік грантқа ие болған кәсіпкерлер өз тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында киім-кешек, азық-түлік, бал, ет өнімдері, тоқыма бұйымдары және басқа да тұрмыстық тауарлар бар. Облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлы көрме алаңдарын аралап, жұмыс берушілермен, мамандармен және кәсіп иелерімен тілдесті. Өңірдің әр ауданынан келген кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін ортаға салып, мерекенің маңызын айшықтай түсті. Артынша Мәдениет үйінің кіреберісінде облыс әкіміне жұмыспен қамту мен еңбек саласының негізгі бағыттарын қамтыған жеті тақырыптық стенд таныстырылды.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан облыс әкімі Шыңғыс Әрінов еңбек адамдарына құрмет көрсету – қоғамның басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
Еңбек күні – ең алдымен күнделікті еңбегімен өңірдің дамуына үлес қосып жүрген адамдарға деген ерекше құрметтің белгісі.Мамандықтың қандай болғанына қарамастан, адал еңбек әр адамның қоғамдағы орнын биіктетеді. Өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, елдің дамуына үлес қосқан әр азамат құрметке лайық. Бұл қағида біздің әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, – деді.
Сондай-ақ аймақ басшысы жыл басынан бері облыста 30 мыңнан астам азаматтың тұрақты жұмысқа орналасқанын жеткізіп, азаматтарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік беретін қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың саны азайғанын айтты. Мәселен, 2025 жылы мұндай азаматтардың үлесі 18 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 13,5 мың адамға дейін төмендеген.
Мерекелік шарада түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ өңірлік «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары марапатталып, оларға 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар берілді. «Еңбек жолы» байқауында жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды. Олар: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы». Ал «Парыз» байқауында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін» және «Үздік ұжымдық шарт» номинациялары бойынша құрмет көрсетілді. Мерекелік марапаттау рәсімі концерттік бағ­дарламаға ұласып, өз міндетін адал атқарып жүрген мыңдаған азамат алғыс арқалап, маңдай тердің қадірі бағаланды.

Құралбек СӘБИТОВ