Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мемлекеттік тіл – елдіктің айнасы

Мемлекеттік тіл – елдіктің айнасы

27 қаралым

Алматы облысы, Алатау қаласында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақ тілінің заманауи қоғамдағы маңызын насихаттауға бағытталған мазмұнды іс-шара өтті.

Алатау қаласы әкімдігі мен Алатау қаласы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақ тілі: дәстүрден цифрлық дәуірге дейін» атты танымдық іс-шараға ҚР Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы белсенді қатысты.

Шараның басты мақсаты – қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық тіл мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу және қазақ тілінің цифрлық дәуірдегі рөлін айқындау.

Іс-шара барысында қатысушылар қазақ тілінің қалыптасуы мен даму тарихы, ұлттық құндылықтар, ана тілінің ұлт болмысындағы орны және заманауи цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктері жөнінде тағылымды мағлұмат алды. Сонымен қатар танымдық бағыттағы түрлі жұмыстарға белсене қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін танытты.

Айрықша атап өтер жайт, 6654 әскери бөлімінде ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқаудың жеңімпазы, Оқу батальоны 4-оқу ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Аркинжан Данияр Бахтиярұлы 2026 жылғы 23 шілдеде өткен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауға қатысып, 10 мың теңгелік сертификатқа ие болған еді.

Оның мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі мен белсенділігі жоғары бағаланып, Алатау қаласы әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлығымен марапатталды.

Шара барысында әскери бөлім сарбазы, қатардағы жауынгер Абылқасым Алихан Ержанұлы да көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арнаған өз өлең шумақтарын оқып, ана тіліне деген құрметін шығармашылық арқылы жеткізді. Жас сарбаздың өнері көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың өзегі әрі тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеу – елді, жерді, тарих пен ұлттық құндылықтарды құрметтеу деген сөз.

Бүгінде қазақ тілін дамыту тек тіл мамандарының немесе белгілі бір мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әсіресе әскери ортада мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы – Отан қорғаушылардың елдік сана-сезімін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.

6654 әскери бөлімінің жеке құрамы осындай тағылымы мол іс-шараларға белсенді қатысу арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін арттыруға өз үлестерін қосып келеді.

Тілге құрмет – елге құрмет. Ал мемлекеттік тілді дәріптеу – Тәуелсіз Қазақстанның болашағына қызмет ету.

Бөлініс пен кітапхана бастығы,
кіші сержант Қырғызбай Альбина Қайратқызы