Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мұздықтардың еруі елеусіз қалмасын!

Мұздықтардың еруі елеусіз қалмасын!

28 қаралым

Әлемдік климат бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық кезеңіне аяқ басты. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның соңғы есебіне сәйкес, 2015-2025 жылдар тарихтағы ең ыстық жылдар болды. Өткен жылы температура 1850-1900 жылдардағы индустрияға дейінгі деңгейден 1,43 градус Цельсийге жоғарылаған. Жақында Непалда жүздеген адамның өмірін қиған жойқын су тасқыны адамзаттың жаһандық жылыну қатерімен бетпе-бет келгенін аңғартты.

Мұздықтар мәселесі Қазақстан үшін таңсық емес. Еліміздің мұхитқа тікелей шықпайтын әлемдегі ең үлкен мемлекет екені белгілі. Ендеше, еліміз, жалпы Орталық Азия елдері тіршілік нәрін тау басындағы қардан алады. Бүгінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50 пайызы мұздықтардан келетін суға мұқтаж. Жаһандық жылыну салдарынан Алатаудың басындағы ақ жабындар азайса, аталған салаға орасан зиян келетіні айтпаса да түсінікті.
Елімізде мұздықтардың жай-күйін бағалау тұрақты ғылыми бақылауды талап етеді. Қазақстанда бұл жұмысты Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы үйлестіреді. Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған мекеме әлемдегі мұздықтарды зерттеуге маманданған жалғыз ЮНЕСКО-ның 2-санаттағы ғылыми орталығы саналады. Орталық директоры Такир Балықбаевтың айтуынша, Қазақстанда жалпы ауданы 2 мың шаршы шақырымнан асатын 2400-ге жуық мұздық бар. Олардың басым бөлігі Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Күнгей Алатау мен Алтай жоталарында шоғырланған. Онда жыл бойы гидрометеорологиялық параметрлер, мұздықтардың массалық балансы, қар жамылғысы, мұздық көлдерінің жай-күйі, көпжылдық тоң мен қауіпті табиғи процестер бақыланады. Сонымен қоса жиналған деректер Қазақстанның салалық мекемелеріне ғана емес, Дүниежүзілік мұздықтар мониторингі қызметіне (WGMS) жолданып, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) баяндамаларында пайдаланылады.
Қазір орталық халықаралық ғылыми ынты­мақтастықты да белсенді дамытып отыр. Бүгінде тоғыз елдің 21 ғылыми ұйымымен бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесімен бірге Тянь-Шаньдағы 50-ден астам мореналық көлге зерттеу жүргізіп, сел қаупін бағалап келеді. Сондай-ақ орталық Қазақстанның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Су мұнаралары серіктестігі» жобасын үйлестіреді. Жоба Орталық Азия елдерінің мұздықтарды бірлесіп зерттеуіне, ғылыми дерек алмасуына және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Ал ғалымдардың көпжылдық бақылауы еліміздегі мұздықтардың тұрақты түрде кішірейіп жатқанын көрсетті. Айталық, соңғы 50-60 жылда олардың жалпы ауданы жыл сайын орта есеппен 0,73-0,75 пайызға, ал мұз көлемі шамамен бір пайызға азайған. Мамандардың бағалауынша, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мамандар бұл үрдісті, ең алдымен климаттың жылынуымен байланыстырады. Республикадағы биік таулы өңірлерде орташа жылдық температура әр онжылдық сайын 0,3-0,4 градусқа көтеріліп келеді. Дегенмен климат өзгерісі барлық мұздыққа бірдей әсер етіп жатқан жоқ. Ауданы 0,1 шаршы шақырымнан аз шағын мұздықтардың тағдыры көбіне жергілікті табиғи жағдайларға тәуелді болса, ірі мұздықтардың өзгерісі негізінен өңірлік климаттық үдерістермен айқындалады. Ғалымдардың болжамынша, қазіргі үрдіс сақталса, 2050-2070 жылдары ауданы 0,5 шаршы шақырымнан кіші мұздықтардың басым бөлігі жойылуы мүмкін. Ал ірі мұздықтар толық жоғалмаса да, көлемінің едәуір бөлігінен айырылып, бірнеше бөлікке ыдырайды.
Мұздықтардың кемуі, ең алдымен елдің су ресурстарына әсер етеді. Себебі еліміздегі көптеген өзен бастауын тау мұздықтарынан алады. Сондықтан мұз қорының азаюы өзендердің су режиміне тікелей ықпал етеді. Эколог, сарапшы Айжан Ысқақованың пікірінше, мұздықтардың еруі – тек ғылыми қауымдастықтың мәселесі емес. Оның салдары ең алдымен су қауіпсіздігінен көрінеді. «Климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруі тек ғалымдарды қызықтыратын мәселе деген кең тараған қате түсінік бар. Алайда соңғы жүз жылда әлем мұздықтарының едәуір бөлігін жоғалтты. Тағы бір қауіпті миф – бұл процесті енді өзгерту мүмкін емес деген пікір. Алдағы онжылдықтарда оны толық тоқтату мүмкін болмаса да, қарқынын бәсеңдетуге болады», – деді сарапшы. Оның айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан және Орталық Азияның басқа елдері климат өзгерісіне бейімделіп, су ресурстарын бірлесіп басқарудың ортақ жүйесін қалыптастыруы қажет.
Қазақстан мұздықтарын зерттеу халықаралық деңгейде мойындалғанымен, елімізде гляциолог деген жеке мамандық бойынша кадр даярланбайды. Қазір қажетті білім гидрология, гидрогеология, климатология, экология, геоинформатика және су ресурстарын басқару бағыттары арқылы беріледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі­нің ақпаратына сүйенсек, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша геология және гидрогеология негіздері мен гидрология пәндері аясында гляциология негіздері оқытылады. Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бағдарламаларында мұздықтарды, су ресурстары мен климаттық процестерді зерттеуге қажетті құзыреттер қалыптастыратын пәндер енгізілген.
Мұздықтардың еруі су тасқыны мен қар көшкіні сияқты табиғи апаттардың жиілеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан да сала мамандары жағдайды бақылау және табиғи апаттарды алдын ала болжау жүйелерін жаңарту қажет екенін айтады. Қазір біздің аймақтағы мұздықтар жағдайын Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» ММ филиалының Іле-Алатау аумақтық пайдалану-техникалық басқармасы қадағалап келеді. Бүгінде Қарасай, Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек аудандары осы филиалға қарасты аумақ саналады. «Селден қорғау мекемесі болғандықтан сел қалай пайда болады? Оның қаупі қандай? Халықты сел қаупінен қалай сақтау керек? Осындай сұрақтардың оң шешімін табуды басты міндетіміз санаймыз. Сонымен қоса топырақ көшкіні мен қар көшкінін де назардан тыс қалдырмаймыз. Бізде маусым айынан қыркүйектің бел ортасына дейін селдің қауіпті кезеңі саналады. Бұл біз үшін ең ауыр әрі күрделі кезең. Бірақ қалған маусымдарда да қол қусырып қарап отырмаймыз. Біздің қызмет жыл бойы дамыл таппай жалғаса береді», – дейді «Қазселденқорғау» ММ мекемесі Іле-Алатау аумақтық техникалық пайдалану басқармасы Талғар өндірістік бөлімінің басшысы Мұрат Өтеулиев.
«Қазселденқорғау» ММ филиалының Іле-Алатау аумақтық пайдалану-техникалық басқармасындағы мамандардың сөзінше, облыстың алты ауданында теңіз деңгейінен 2000-4000 метр биіктікте орналасақан 260-тан астам мұз көлі бар. Тұрғындардың, шаруашылық жүргізуші нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті табиғи құбылыстардан, су тасқындарынан қорғау мақсатында жаз айларында маусымдық гидробекеттер құрылған. Ондағы бақылаушылар өзен мен көл суларының ағысы мен сыйымдылығын тәулігіне үш мәрте бақылайды. Сонымен қоса олар ауа райының түрлі өзгерістерінен де алдын ала мәлімет беріп отырады. Осы мәліметтерге сай өңірімізде түрлі апаттық жағдайлардың туындау қаупі сарапқа салынады. Сонымен қоса апатты жағдайдың алдын алуға бағытталған ақпарат қызметі де қолға алынған. Қандай да бір сел, не көшкін қаупі туындаса, жергілікті тұрғындарға алдын ала ескерту беріледі.
Әлемдік климаттың өзгеруі жағдайында мұздықтарды қорғау ғылымнан тыс шығып, халықаралық мәселеге айналды. Мәселенің ауқымын түсіну Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық үйлестіруді арттырды. Айталық БҰҰ Бас Ассамблеясы 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды қорғау жылы деп жариялады және криосфералық ғылымдар бойынша онжылдық іс-қимылды (2025-2034) бастады. Биыл сәуір айында Қазақстан Орталық Азия елдерінен, Еуроодақ, Шанхай ұйымы және Таяу Шығыстан 1500-ден астам өкіл қатысқан алғашқы Аймақтық экологиялық саммиттін (ӨЭС) өткізді. Қырғызстан елдерді 2027 жылы таулы аймақтардағы тұрақты даму бойынша Бішкек+25 саммитіне қатысуға шақырды, ал Өзбекстан Дүниежүзілік су форумын және су технологияларын енгізу бойынша жол картасын дайындағанын жариялады.

Түйін:
Қалай десек те, климаттың өзгеруі Орталық Азияның тұрақты дамуына тікелей әсер етуде. Осы жағдайда ғылыми зерттеулер, мониторинг және аймақтық ынтымақтастық негізгі басымдықтарға айналуда. Алайда қиындықтардың ауқымы жедел және үйлестірілген әрекеттерді талап етеді. Сондықтан мұздықтарды қорғау еліміз үшін ұзақ мерзімді міндетімізге айналып отыр.

Ерзат АСЫЛ

↑