Перейти к содержимому

Өлеңмен өрілген

26 қаралым

Жамбыл ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Жамбыл бабамыздың 180 жылдық мерейтойына орай «Жырмен өрілген жүрек» атты поэзиялық кеш өтті.

Табиғат аясында өткен бұл шараға ақындар, кітапсүйер қауым, мекемелер басшылары және Жамбыл атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.
Мұндай тағылымды кеште қазақтың қара өлеңін қасиет тұтып, сөз өнерін биікке көтерген екі алып тұлға – Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаев аталарымызды айтпай кету мүмкін емес. Сондықтан да бұл күнгі шара ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, ақын мен оқырманды табыс­тырған рухани кеш болды.
Шараға келген ақындар сыршыл да нәзік жырларымен махаббат пен ізгілікті, туған жерге, елге деген сүйіс­пеншілікті жырлады. Атап айтсақ, ақындар Өмірбай Өмірзақ, Гүлнар Өмірзақова, Нәзипа Қанатқызы, Роза Сейілхан, Асқар Қызырханұлы өлең оқудан бір-бірінен қалыспады. Сонымен қатар мекеме басшы­лары Аяужан Сәдуақасова, Шынар Келгенбаева, Қапиза Абдусаламова, Гүлзат Жомартқызы, Нағима Өтеева да өлең оқып, жиналған қауымды поэзия әлеміне жетеледі. Өлеңге ерекше құштар мектеп оқушылары Зерделі Серікбекқызы, Балым Азатқызы, Айару Ғабитқызы, Камила Аспетова тәтті үндерімен жырсүйер қауымды тәнті етті.
Рухани кеште әртүрлі тақырыпта жүрекке жылы тиер жырлар оқылып, қатысушылар поэзия әлеміне теңдессіз саяхат жасады.
Бабалар аманатын ардақтаған шара баршаға көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер сыйлады. Қазақтың қасиетті қара өлеңі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасырдан-ғасырға жалғаса берсін демекпіз.

Лиза Аққұлова,
Жамбыл ауылдық кітапханасының меңгерушісі
Жамбыл ауданы

↑