Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ортақ істің нақты нәтижесі

Ортақ істің нақты нәтижесі

46 қаралым

Қонаев қаласында Дүниежүзілік тазалық күніне орай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Шараға аймақ басшысы Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты. Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шарада қатысушылар таңмен таласа «Маяк» тұрғын үй кешенінің маңын қоқыстан тазартып, С.Сейфуллин көшесінің бойына 200 түп алма ағашын екті. Сенбілік барысында облыс әкімі Шыңғыс Әрінов тазалық пен қоршаған ортаны қорғаудың баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елдімекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Бүгінде Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынмен қолдау табуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, тұтас облыс аумағында өткен тазалық шарасына 40 127 адам қатысып, 2230 тонна қалдық шығарылған. Сонымен қоса 762 гектар аумақ тазартылып, жұмысқа 400-ден аса техника жұмылдырылған. «Бізде тазалық жұмыстары 31 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 730 мыңға жуық адам қатысып, 18 167 тонна қоқыс шығарылып, 10 010 гектар аумақ тазаланды. Сонымен қоса, 104 081 түп ағаш отырғызылды. Іс-шараларға 4200-ден астам техника пайдаланылды», – дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Әлина Түсіпбаева. Сенбілікке қатысушылар әрбір елдімекеннің тазалығы тұрғындарға тікелей байланысты екенін айтты. «Осындай өнегелі істің өтетінін естіген бойда қуана-қуана келдік. Қазір қаламыз тез көркейіп келеді. Енді отырғызған ағаштарымыз жайқалып өсіп, осы маң балалардың шат күлкісіне толы, немерелеріміз еркін ойнап жүретін орынға айналса екен дейміз.

Бүгінгі шара біздің бірлігіміз анық көрсетті», – деді облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестінің мүшесі Шахит Лабазанов. Облыс орталғының тазалығы мен көркейіп-гүлденуі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына емес, сонымен бірге тұрғындардың қалаға деген жауапкершілігі мен жанашырлығына да тікелей байланысты екені анық.

«Бір тал кессең, он тал ек» демекші, қаламыздың көркеюіне біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен бүгін тал егіп жатырмыз. Бұл тазалық акциясы өзіміз өмір сүретін ортаны жай ғана жинап-тазалау емес, тұрғындарды өз қаласын таза ұстауға шақыру деп білемін. Сондықтан бәріміз де белсенділік танытуымыз қажет, – деді Қоғамдық келісім және даму орталығының сарапшысы Жұлдызай Керімқожа.2026–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген.

Бүгінгі экологиялық акция мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп қана қоймай, қоғамның ортақ іске жұмыла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ерзат АСЫЛ