Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Отанға қызмет жас жүректен басталады

Отанға қызмет жас жүректен басталады

36 қаралым

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде әскери-патриоттық бағыттағы тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, елге деген жауапкершілік пен патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар әскери бөлімнің маңызды бағыттарының біріне айналған.

Әскери бөлімге келген жасөспірімдер мен жастар әскери қызметтің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери қызметшілердің күнделікті жұмысын көруге мүмкіндік алады. Олар саптық дайындықтың бастапқы элементтерімен танысып, дене шынықтыру және әскери-қолданбалы бағыттағы жаттығуларға қатысады. Мұндай кездесулер жас буынға әскери тәртіптің, жауапкершіліктің және ұйымшылдықтың маңызын түсінуге мүмкіндік береді.

6654 әскери бөлімінде өткізілетін патриоттық іс-шаралар тек әскери бағытпен шектелмейді. Жастар мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, спорттық жарыстарға, тарихи-танымдық кездесулерге, мәдени іс-шараларға және әскери-патриоттық акцияларға белсенді қатысады.

Әсіресе әскери қызметшілермен ұйымдастырылатын кездесулердің тәрбиелік маңызы зор. Кездесу барысында сарбаздар Отан алдындағы борыш, әскери антқа адалдық, жауынгерлік жол, тәртіп пен ел тыныштығын сақтау жөнінде өз тәжірибелерімен бөліседі. Жасөспірімдер әскери қызметтің тек форма киіп, сапта жүру емес, ең алдымен үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызмет екенін түсінеді.

Әскери-патриоттық тәрбиенің тағы бір маңызды бағыты – спорт. Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар мен эстафеталар жастардың физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, командалық рухын қалыптастырады. Жарыс барысында олар бір-біріне қолдау көрсетіп, қиындықтарды бірге еңсеруге және ортақ мақсатқа ұмтылуға үйренеді.

Бүгінгі жас ұрпақтың болашақ мамандығы әртүрлі болуы мүмкін. Бірі әскери қызметті таңдаса, енді бірі білім, ғылым, медицина, спорт немесе басқа салаларда еңбек етеді. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – туған елге деген құрмет және Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға деген ұмтылыс.

6654 әскери бөлімінде жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық жұмыстардың басты мақсаты да – ел болашағы болатын жас буынның бойына адалдық, тәртіп, жауапкершілік, отансүйгіштік және табандылық қасиеттерін қалыптастыру.

Өйткені Отанды қорғау – тек әскери қызметшінің міндеті емес. Туған елін сүйіп, оның дамуына үлес қосу – әр азаматтың парызы. Ал елжанды азаматты тәрбиелеу бала кезден басталады.

6654 әскери бөлімінің тілшісі,
кіші сержант Қырғызбай Альбина Қайратқызы