Перейти к содержимому

Салық түсімі жоғары

23 қаралым

Облыс экономикасында соңғы жылдары қалыптасқан оң серпін бюджет түсімдерінен де анық байқалады. Биыл өңір мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 1,5 трлн теңге түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – облыс тарихындағы ең жоғары көрсеткіш, аймақ экономикасының ауқымы кеңейіп, өндіріс пен кәсіпкерліктің тынысы ашылып келе жатқанын аңғартатын маңызды меже.

Өткен жылы өңір алғаш рет 1,1 трлн теңгеден астам бюджет түсімін қамтамасыз етті. Оның ішінде республикалық бюджетке 490,5 млрд, жергілікті бюджетке 628,6 млрд теңге түскен. Бұл көрсеткіштің өзі өңірдегі экономикалық белсенділіктің артып отырғанын көрсетсе, биылғы 1,5 трлн теңгелік жоспар сол өсімнің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аумақтар санының артуы да өңіріміздің экономикалық дамуына оң серпін береді. Алматы облысы бөлінгенге дейін Іле және Қарасай аудандары ғана донор болса, бүгінде олардың қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалалары қосылған. Осылайша облыстағы донор аумақтардың саны екіден жетіге жетіп отыр. Бұл – жай ғана сандық өзгеріс емес. Оның артында жаңа кәсіпорындар, өндіріс орындары, инвестициялық жобалар және мыңдаған адамның еңбегі тұр. Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo, ТехноНИКОЛЬ және «Жетісу вольфрамдары» секілді ірі компаниялардың жаңа өндірістік жобалары іске қосылды. Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындарының өндірістік қуатын кеңейтуі де бюджет кірісінің артуына сеп болып отыр.
Донор аудандардың облыстық бюджетке аударатын қаржысы да жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 276,5 млрд теңге болса, 2025 жылы 292,5 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында донор аумақтардан облыстық бюджетке 241,9 млрд теңге түскен. Биыл жыл қорытындысы бойынша 542,6 млрд теңге түсіру жоспарланған. Бұл ретте Іле ауданының үлесі айрықша екенін айта кеткен жөн. Өткен жылы аталмыш аудан облыстық бюджетке 249,3 млрд теңге аударған. Ал биылғы алғашқы алты айда бұл көрсеткіш 165,2 млрд теңгені құрады. Яғни ауданның жарты жылдағы түсімі облыстық бюджет кірістерінің 42,4 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Өңір экономикасының әртараптанып, жаңа өндіріс орындарының көбеюі бюджет кірісін арттырумен қатар, аймақтың қаржылық мүмкіндігін де кеңейтеді. Кірістің ұлғаюы әлеуметтік саланы дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, елдімекендерді абаттандыруға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы орайда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораздың айтуынша, донор аудандардың саны ғана емес, олардың облыстық бюджетке аударатын қаржы көлемі де жылдан-жылға арта түскен. Басқарма басшысы бұл өңірдегі өндірістік және кәсіпкерлік әлеуеттің нығайып келе жатқаны деп көрсетті. Ең бастысы, бүгінгі көрсеткіштер аймақтың алдағы жылдарға арналған экономикалық мүмкіндігін де айқындап отыр. Салық түсімдерінің қазіргі қарқыны сақталса, облыс 2029 жылға қарай республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңір мәртебесіне ие болуы мүмкін.

Құралбек СӘБИТОВ