Перейти к содержимому

Сан емес, сапа маңызды

16 қаралым

Жолдың жаңаруы – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды бастамалардың бірі. Тасжолдың келбеті жаңара түссе, инфрақұрылымның дамуына әсер ететіні анық. Ал бұл бағытта Іле ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, өңір әлеуетін көтеру мақсатында игі бастамалар қолға алынған.

Айталық, Қараой ауылында Мереке, Алмалы, Қазақстан, Бейбітшілік, Ынтымақ, Рахат және Абай көшелеріне асфальт төселіп, жалпы 4,7 шақырымға жуық жол жаңарған.Ауыл тұрғындары да көптен күткен жолдың құрылысы біткеніне дән риза. «30 жыл көлемінде жолымыз жөндеу көрмеді. «Жол қадірін жүрген білер» демекші, бұдан біраз жыл бұрын аудан халқы «Жаңбырлы күні көшеде жүру мүмкін емес» деп базыналарын айтатын. Ал қазір ондай әңгімелердің ауылы алыстады.Жол кеңейіп, асфальт төселді. Көшенің жөнделгеніне тұрғындар қуанышты. Расында да еліміздің өркендеуі осындай ауылдардың көркеюінен бастау алмақ», – дейді ауыл ақсақалы Қабылтай Әлімбаев.
Жергілікті әкімдік жол сапасы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін атап өтіп, мердігерлерге қойылатын басты талап сапа екенін айтты. «Өткен жылы ауданда 80 көше жөнделді. Биыл бұл көрсеткішті 107 көшеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде 90 көшеде жұмыс аяқталды. Әрбір жөнделген жолдың артында тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына жасалған қолайлы жағдай тұр. Сондықтан біз үшін санмен қатар сапа да маңызды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Жол жөндеу жұмыстары бұдан әрі қарқын алады деп сенеміз», – дейді Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмас Бөкенаев.

Ерзат АСЫЛ

Іле ауданы