Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сандар сөйлегенімен, талдау жеткіліксіз

Сандар сөйлегенімен, талдау жеткіліксіз

24 қаралым

Облыстық әкімдікте әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда алғашқы сөз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйла Серікбаеваға берілді.

– Репродуктивтік денсаулықты қорғау – ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің стратегиялық басымдығы. Репродуктивтік денсаулықтың жай-күйі демографиялық тұрақтылыққа, халықтың өмір сүру сапасына және елдің болашағына тікелей әсер етеді. Облыс әйелдер саны жағынан халықтың 51%-дан астамын құрайды, оның ішінде 365 529-ы – фертильді жастағы әйелдер. 10-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздардың саны – 41 788. Медицина және денсаулық сақтау саласында әйелдердің репродуктивтік денсаулығына, оның ішінде бала туу жасындағы кезеңіне, жүктіліктің қауіпсіз өтуіне және нәрестенің денсаулығына ерекше мән беріледі. Облыста аурулардың профилактикасына және оларды ерте анықтауға бағытталған іс-шаралар іске асырылуда. Скринингтік зерттеулер халықтың нысаналы топтары арасында мінез-құлықтық қауіп факторларын анықтау, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, колоректалдық обырды, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау мақсатында жүргізіледі. Әйелдер арасында жатыр мойны мен сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған скринингтер өткізіледі. Былтыр сүт безі обырын анықтау бойынша 65 мыңнан астам әйел тексерілді. Олардың 22%-ында қатерсіз жаңа түзілімдер анықталды. Жатыр мойны обыры бойынша 61 мыңнан астам әйел тексерілді. Сондай-ақ репродуктивтік денсаулықты сақтауға бағытталған адам папилломавирусына қарсы вакциналауға ерекше тоқталған жөн. Аса маңызды профилактикалық шара 2024 жылғы қараша айынан бастап облыста 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакциналау бағдарламасы іске асырылуда. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық ұсынымдарына толық сәйкес келеді, – деді ол. Одан әрі сөз сабақтаған басқарма басшысының орынбасары отбасын нығайтуға және халық санын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Келесі кезекте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама­лар басқармасының басшысы Асыл Ваисов облыста соңғы 4 жыл ішінде 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейтінін, жәрдемге мұқтаж азаматтарға «Бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсететін аталған орталықтар жанынан мобильді топтар құрылып, ауыл-аймақты аралап, қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау және қажетті қолдау көрсету жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Отбасын қолдау орталықтары арқылы демеушілер мен кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүргізіліп, мұқтаж отбасыларға қажетті әлеуметтік көмек көрсетілуде. Басқарма басшысы сөзінің соңында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, әлеуметтік сүйемелдеудің сапасын арттыру және алдын алу шараларының тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Келесі кезекте Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков ауданның қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету, қоғамдық бастамаларын қолдау, көшбасшылық әлеуетін арттыру және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешудегі рөлін күшейту бағытында атқарылған жұмыстар жайына тоқталды. Одан кейін Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбектің баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы аудан көлемінде гендерлік саясатты жүйелі түрде ілгерілету бағытындағы жұмыстар үкіметтік емес ұйымдар, аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық келісім және даму орталығы, отбасын қолдау орталығы және басқа да мекемелермен бірлесіп тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ алдағы жоспарымен бөлісті.
Комиссия мүшелері баяндамашылардың атқарылған жұмыстар жайлы деректерді ғана алға тартқанын, оларға талдау жеткіліксіздігін, зерделеу жұмысы жүргізілмегенін айта келе, алдағы отырыстарда сөз сөйлеушілер осы мәселені ескеруді қаперге салды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Ләйла Пернебайқызының баяндамасында азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту үшін облыста оң динамика көрсетілгенімен, бірқатар өзекті мәселе байқалатынын айтты. Сондай-ақ Асыл Нұрәлиұлының баяндамасының тақырыбы мониторинг жүргізу туралы болғанымен, мониторингтің нәтижелері, проблемалық талдау, салыстырмалы көрсеткіштер және нақты қорытындылар жеткіліксіз екенін және алдыңғы отырыстың хаттамасында көрсетілген бірқатар тапсырманың орындалмағанын тілге тиек етті. Сол секілді аудан әкімі орынбасарларының баяндамасында статистика болғанымен, талдау жеткіліксіздігін айтып, келешекте баяндамаға қандай мәліметтер енгізілу қажеттігіне баршаның назарын аударды.
Талқылау барысында баяндамалар назарға алынып, комиссия шешімі қабылданды. Жауапты мемлекеттік органдарға нақты хаттамалық тапсырмалар берілетін болды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ