Перейти к содержимому

Сарбаздар сайысы

47 қаралым

         Қонаев гарнизонында алғаш рет ұйымдастырылған «ASAU-2026» әскери-патриоттық сайысы жоғары деңгейде қорытындыланды. Әскердегі тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға, әскери қызметтің мәртебесін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды жоба сарбаздардың жан-жақты дайындығын танытты. «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттаған сайыстың іріктеу кезеңіне Қонаев гарнизонынан 4 мыңға жуық сарбаз қатысқан. Солардың арасынан суырылып шыққан 9 үздік сарбаз финалдық кезеңде бақ сынап, өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, шапшаңдығын, батылдығын, тапқырлығын және командалық қабілетін көрсетті.

        Жобаның қорытынды кезеңі Алатау қаласындағы Ұлттық ұланға қарасты 6654 әскери бөлімінде өтті. Алты кезеңнен тұратын бәсекеде ұлттық ойындар, жүзу, дронды барлау, атыс дайындығы, зияткерлік сайыс пен кешенді әскери жаттығулар қамтылды. Әр тапсырма сарбаздың күнделікті әскери қызметте қажет болатын машықтарын шыңдауға негізделді. Финалдық кезеңде қатысушылар альпинистік қабырғаға өрмелеу, нысананы дәл көздеу, алғашқы медициналық көмек көрсету секілді күрделі практикалық тапсырмаларды орындады. Бұған қоса, олар «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесімен бірлесіп, әскери шеберліктің озық үлгісін көрсетті.

        Сайыстың үздіктерін марапаттау рәсімі Қонаев қалалық Мәдениет үйінде жалғасты. Салтанатты жиында алты кезеңнің қорытындысы шығарылып, Қонаев гарнизонының «ASAU – 2026» жобасының үздік сарбазы анықталды. Алғашқы құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев әскери қызметшілерді, сарбаздар мен олардың ата-аналарын айтулы шараның өтуімен құттықтап, жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

– Бүгін Қонаев гарнизонында алғаш рет ұйымдастырылған «ASAU – 2026» әскери-патриоттық жобасының қорытынды сайысында бас қосып отырмыз. Осы айтулы шараға орай облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлының атынан барша әскери қызметшілерге, сайысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ыстық ықыласымды  жеткізуге рұқсат етіңіздер. Аталған жоба жас сарбаздардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, жауапкершілік, табандылық, біліктілік пен әскери шеберлікті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай шаралар жауынгердің кәсіби дайындығын шыңдап қана қоймай, ел алдындағы азаматтық борышын терең сезінуге жол ашады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау, өз міндетін мінсіз орындау – әскери қызметші үшін аса маңызды қасиеттер. Өйткені Отан қорғау – ең алдымен жоғары тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Осы орайда халқымыздың даңқты перзенті, батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі ойға оралады. Бұл сөздің бүгінгі мәні де терең. Мықты әскердің негізі тек қару-жарақ пен әскери техникада емес, ең алдымен жауынгердің берік рухында, тәртібі мен білімі, біліктілігінде жатыр. Бүгінгі сарбаз – қолына қару ұстаған жауынгер ғана емес. Ол ел тарихын білетін, Конституцияны құрметтейтін, заң талаптарын сақтайтын, заманауи технологияны меңгерген білімді әрі жауапты азамат болуы тиіс. Сондықтан «ASAU – 2026» жобасының мазмұны да, тәрбиелік мәні де айрықша, – деп жобаға мұрындық болған жандарды салтанатты түрде марапаттады.

         Келесі болып сахнаға көтерілген Қонаев гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Абзал Байманов айтулы сайыс жайлы түсіндіріп, жастарға берер өнеге, үлгісін тілге тиек етті. «ASAU – 2026» әскери-патриоттық жобасының парақшасында жарияланған бейнеүзінді мен заманауи тәрбиелік трендтер қазірдің өзінде 4 миллионға жуық қаралым жинаған. Жобаға бұқаралық ақпарат құралдары мен оқырмандардың қызығушылығы күн санап арта түсуде. Осы орайда Абзал Аманжолұлы да сайыстың жоғарғы деңгейде өтуіне белсене атсалысып, кәсіби шеберлік танытқан ұйымдастыру тобының мүшелерін марапаттады.

           Келесі кезекте бірнеше айға созылған «ASAU – 2026» әскери-патриоттық жобасының финалдық кезеңінде жалынды жігер, қайсар мінез, терең білім және Отан қорғаушыға тән батылдығымен ерекшеленген сарбаздар сахнаға көтерілді. 6 сарбазға арнайы номинациялар бойынша жүлде табысталды. Сайыста жауынгерлік рухымен дараланған Қазыбек Қайкенов «ASAU – 2026» жобасының III жүлдесінен көрінді. Жоғары ұпай жинап, жеңімпазға лайықты бәсекелестік танытқан Арлан Асхат II орын иеленсе, Қонаев горнизонының сарбазы Мұрат Бақтұр 4 мың сарбаздың арасынан жалынды жігер, қайсар мінез, терең білімімен оза шығып «ASAU – 2026» әскери-патриоттық жобасының жеңімпазы атанды.  Жеңімпаздар мен үздіктерге марапаттарын табыстаған ұйымдастырушылар олардың табандылығы мен әскери даярлығына жоғары баға берді. Ал ата-аналар үшін баласының ел қорғаны қатарында шыңдалып, осындай беделді додада топ жаруы зор мақтаныш болды. «ASAU – 2026» сайысының алғашқы легі осылайша өз мәресіне жетті.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі тартысты өткен жоба сарбаздардың әскери дайындығын шыңдаумен қатар, Отанға деген сүйіспеншілікті, тәртіп пен жауапкершілікті берік ұстанудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Әскери шара концерттік бағдарламаға ұласып, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, сарбаздардың мерейін асырды.

Құралбек СӘБИТОВ

Алатау қаласы