Перейти к содержимому

Шәлкөдедегі сауапты іс

30 қаралым

Райымбек ауданында мұқтаж отбасылардың санын азайту жұмысы жүйелі жүргізілуде.

Осы орайда, Райымбек ауданы әкімдігінің бастамасымен және Шәлкөде ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен, ауыл азаматтарының қолдауы арқылы тағы бір игі іс жүзеге асты.

Ерге ел, елге ер қарайласқан жұртпыз. Осы күнде де қанымызға дарыған ұлттық қасиеттен ажырамай, жоқ-жітікке демеу болып, ел бесігі ауыл жұртына жәрдемдесіп жүрген ауыл азаматтары баршылық.

Ізгілердің ізін басқан, бүгінгі ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы еткен Шәлкөде ауылының тұрғындары да бұл бастамаға үн қосып, ауыл тұрғыны Дәулет Алмабековке қолдау көрсетіп, шаруашылығын дамыту мақсатында 25 бас қой көмек ретінде берілді.

Бұл ауыл азаматтарының бірлігі мен өзара жанашырлығының ел болып, жұмыла білетіндігінің айқын көрінісі. Ағайынға демеу болу халқымыздың ежелден келе жатқан асыл қасиеттерінің бірі.

Мұндағы басты қағида бүгін бір отбасына қолдау көрсетілсе, келесі кезекте басқа жанұяға жәрдем жасалады. Осылайша, қайырымдылық бір реттік шарадан жүйелі қолдауға айналып отыр.

Игі шараға Райымбек аудандық мәслихатының төрағасы Самат Мүсірбаев, Шәлкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Есімсартов, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Алқанбай Қыдықұлы, ауыл азаматтарымен ауыл жастары қатысты.

Өз кезегінде сөз алған Райымбек аудандық мәслихатының төрағасы Самат Мүсірбаев осындай игі-шараға атсалысқан ауыл тұрғындарына алғысын білдіріп, жүрек жарды лебізін жеткізді.

Берекелі күнде сыйға бөленген ауыл тұрғыны Дәулет Алмабеков:

 – Игі бастаманы бастап, қой жинап, беріп жатыр. Ауыл тұрғындарымен ауыл азаматтарына үлкен рахмет! деген ол ақжарма тілегін жеткізіп, алғысын айтты.

Осындай игі бастамалар ауылымызда өз жалғасын тауып, көпке үлгі болсын! Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ауылдың берекесі де арта берсін! Осы игі іске атсалысып, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымызды білдіремін! деді Шәлкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы.

Ақсақалдар жағы сауапты шараға ұйытқы болған азаматтарға  алғыстарын айтып, батасын берді.

Ауыл азаматтарының айтуынша, қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіледі.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы