Спорт жас ұрпақты тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Әсіресе бокс – күш пен төзімділікті ғана емес, қайсар мінезді, батылдықты және жауапкершілікті талап ететін спорт түрі. Сондықтан жастардың боксқа деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
Райымбек ауданында жасөспірімдер арасында бокстан облыстық чемпионат өтті. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне аудан, қалалардан келген жас спортшылар жиналды. Жарыстың ашылу салтанатына Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Садықов, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Динара Әкімханова және «Бұқаралық спорт клубы» КММ-нің бас маманы Ұлан Рақымғалиев қатысып, боксшыларға сәттілік тіледі.
Биылғы чемпионатқа облыстың 12 командасынан 204 спортшы қатысты. Шаршы алаңда 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер 15 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде барлығы 15 алтын, 15 күміс және 30 қола медаль – жалпы 60 жүлде сарапқа салынды.
Былғары қолғап бәсекесінде «Жігер» мамандандырылған спорт мектебінің командасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль иеленіп, І орынды жеңіп алды. «Жекпе-жек» мамандандырылған спорт мектебі 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алып, ІІ орынға жайғасты. Ал Еңбекшіқазақ ауданының командасы 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медальмен жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ облыстық чемпионатта Талғар, Қарасай, Іле, Кеген, Жамбыл, Балқаш аудандары мен Қонаев қаласының жас боксшылары да тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Жарыс барысында жас былғары қолғап шеберлері өздерінің физикалық дайындығы мен техникалық шеберлігін көрсетіп, жеңіс үшін бар күш-жігерін салды. Бұл чемпионат жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауына және болашақта биік белестерді бағындыруына жол ашқан маңызды дода болды.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

