Перейти к содержимому

Спорт кешені бой көтерді

18 қаралым

Қарадаланың қойнауындағы аядай ауыл – Шошанайда тағы да ұлан-асыр қуаныш болды. Бірлігі жарасқан ауыл бұған дейін де ел азаматтары мен демеушілердің қолдауымен талай игі істің ұйытқысы болған еді. Атап айтқанда, зәулім мешіт бой көтеріп, ауылдың кіреберісіне аспанмен таласқан еңселі Тутұғыр орнатылып, бес гектар аумақ абаттандырылып, көрікті саябаққа айналды. Енді, міне, солардың қатарына сәні мен салтанаты жарасқан спорт кешені қосылды.

Былтыр Қарадалада қазақ театр өнерінің майталманы Бекжан Тұрыс ағамыздың 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен еді. Сонда ағасын ардақтаған ел азаматтары тойға сый ретінде өнер қайраткерінің туған ауылына спорт кешенін салып беруге уәде еткен. Мерейтойға жиналған өнердің өрінде жүрген тау тұлғалар алғашқы іргетасын құйған. Міне, енді сол спорт кешенінің ашылғанын сүйіншілегелі отырмыз.
«Ұлағатты ұрпақ» қайырымдылық қорының бастамасымен бой көтерген кешеннің құрылысына 300 млн теңге инвестиция тартылды. Жалпы аумағы – 500 шаршы метр. «KZ Maqsat» ЖШС тамыз айының соңында құрылысты аяқтап, нысан пайдалануға берілді. Қашанда жұмылып жұдырық бола білетін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға ұйымшыл шошанайлықтар да қарап жатпады. Ауыл азаматтары болып құрылыс жұмыстарына қол созды. Айналасын абаттандыруға да үлес қосты.
Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, Бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов, қазақ күресінен әлем жеңімпазы, «Қазақстан барысы» турнирінің жүлдегері Руслан Әбдіразақов, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қорлан Жақанша, UFC жауынгері Шавкат Рахмонов сынды спорт саңлақтары арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал азамат өз жағ­дайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ», – деп атап өткен болатын. Расымен бұл спорт кешенінің салынуына үлес қосқан азаматтарды ауыл, ел болып қошеметке бөледі.
Спорт нысандарының қолжетімді болуы, балалар мен жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция. Осы орайда спорт кешенін салып берген азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Сахна төріне Дәулет Тұрлыханов пен Ермахан Ыбырайымов шығып, жылы лебіздерін білдірді. Бұл нысанның ауыл балаларын үлкен спортқа баулитын алғашқы баспалдақ екенін айтқан саңлақтар осы ауылдан енді чемпиондар шығуын тіледі. Олар ауылдағы балалар мен жастарға рух беріп, спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Енді Шошанайдан да дәл осы тұлғалардай болуға талпынатын жастардың шығары хақ.
Осы ауылдың тумасы, қазақ сахнасының майталманына айналған Бекжан Тұрыс та ауылдастарын қуанышымен құттықтап, игі іске үлес қосқан азаматтарға сый-сияпатын табыстады. Ызғарбек Бектұрсынов, Тұрарбек Төдендиев ағаларымыз ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.
Бұл күні Шошанайдың жұрты тайлы-тұяғы қалмай келген қонақ­тардың көңілін тауып, аста-төк дастарқан жайып күтіп алды. Ал Аспантаудың етегіндегі аядай ауылдың аспанын Сәкен Майғазиев, «Алатау серілері», «HasSak» этнофольклорлық тобы сынды өнер жұлдыздарының концерті жаңғыртып, әуезді әннен шашу шашылып жатты.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы