Перейти к содержимому

Судың да  сұрауы  бар

19 қаралым

Елімізде аграрлық сала тұрақты дамып келе жатыр. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі – егістік жерлерін сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу. Бұл шаралар ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға және суды тиімді пайдалануына үлкен үлес қосуда.

Алматы облысында  2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 186,6 мың гектар алқапқа енгізу межеленген.  Деректерге жүгінсек, соңғы төрт жылдың ішінде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 3,3 есеге артып, 66,6 мың гектарға жеткен. Бұл бүгінде облыстағы 223,7 мың гектар суармалы жердің шамамен 30 пайызын қамтып отыр.

Биыл бұл көрсеткіш 94 мың гектарға дейін ұлғайды. Өйткені өңірде су үнемдеу технологияларына бағытталған инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен, Іле ауданындағы «Alfalfa.kz» серіктестігі 1,7 мың гектар алқапты жаңбырлатып суарып, жоңышқа өсіруді қолға алмақшы. Жобаға шамамен 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Компания басшысы Жәнібек Қалиевтің сөзінше, қазір жер телімінің маңына құбырлар тартылып, жаңбырлатып суаратын қондырғылар орнатыла бастаған. «Егістікке қажетті суды Сорбұлақтан аламыз. Ол үшін арнайы суды тазартатын стансы салуды көздеп отырмыз. Онда тұтастай автоматтандырылған жүйе арқылы су тазартылып, пайдаланылады. Қазір электр желісін іске қосып, суару жүйелерін жасап жатырмыз. Келер жылы көктемде жоңышқа егуге білек сыбана кіріссек деген ойдамыз. Бұл жоба өңірдің жем-шөп базасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді», – деді ол.

Алдағы төрт жылда Алматы облысындағы егіс алқаптарының 67,3 пайызына су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Тіршілік нәрін ысырап қылмау үшін су технологияларының  маңызы зор. Биыл өңірде 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Ерзат АСЫЛ

Іле  ауданы